Абай елінде Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылық кеші өтті

Бүгін Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кеші өтті.

Қазақ музыка өнерінде өзіндік өрнек қалыптастырған композитор шығармашылығына арналған рухани кешке өңірдің зиялы қауымы, мәдениет және өнер қайраткерлері, өнерсүйер көрермен қатысты. Туған жерге деген құрмет пен ұлттық руханият құндылықтарын арқау еткен кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Шығармашылық кеш аясында композитордың өмір жолы, өнердегі қолтаңбасы және қазақ музыка мәдениетіндегі орны туралы мазмұнды деректер айтылды. Сонымен қатар, кеш иесінің халық жүрегінен орын алған туындыларын белгілі өнер өкілдері орындап, кештің көркемдік мазмұнын тереңдете түсті.

Кеш барысында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі мен камералық хоры өнер көрсетіп, көрермен назарына жоғары деңгейдегі музыкалық бағдарлама ұсынды.

Сахна төрінде Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Сәкен Майғазиев, Сүндет Байғожин, Әмре, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Исаев, «Шапағат» медалінің иегері Рухия Байдукенова, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ақбота Хуснадин, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әкімхан Маженов, Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының әншілері Нұрбек Өмірбек, Әйгерім Бахтиярова, Еркебұлан Мұсаев және эстрада әншісі Аплатон Рахимжан өнер көрсетті.

Кешке арнайы қатысқан Абай облысының әкімі Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесінің иығына шапан жапты.

«Туған жерге тағзым» шығармашылық кеші ұлттық музыка өнерінің көркемдік болмысын айшықтаған тағылымды рухани кеш ретінде көпшілік ықыласына бөленді.