
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа (ОАЯҚАА) қатысушы мемлекеттердің жыл сайынғы консультативтік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі
Министрлікте атап өткендей, кездесу барысында 2026 жылға арналған шарт аясындағы төрағалық функциялары Қазақстанға ресми түрде тапсырылды. Сонымен қатар, тараптар БҰҰ аясындағы іс-қимылдарды үйлестіруді қоса алғанда, 2025 жылғы бірлескен жұмыс пен ағымдағы жылға арналған жоспарларды талқылады.
Қазақстан делегациясы төраға ретінде биылғы жылдың мерейлі екенін – Семей қаласында қол қойылғаннан бері 20 жыл (2006 ж.) толып отырғанына тоқтала келе, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) пен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) Шолу конференцияларын қоса алғанда, қарусыздану және таратпау саласындағы негізгі алаңдарда тығыз өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
2026 жыл барысында Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволары деңгейінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
ОАЯҚАА туралы шартқа («Семей шарты») Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында қол қойып, барлық бес тарап ратификациялағаннан кейін 2009 жылғы 21 наурызда күшіне енді.
Семей шартының бірқатар бірегей ерекшеліктері бар: ол бір кездері ядролық қаруды белсенді орналастыру және сынау үшін полигон болған және әскери мақсатта уран қарқынды өндірілген аймақта Солтүстік жарты шарда ядролық қарусыз бірінші аймақты құрды. Сонымен қатар басқа ұқсас аймақтардың ішінде ОАЯҚАА екі ядролық державамен бірден ең ұзын құрлық шекарасының болуымен ерекшеленеді.