ІІМ: Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілді

16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Неке қиюға мәжбүрлеу» енгізілді. Бұл норма адамды оның еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланады және кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда жаза 10 жылға дейін ұлғаяды.

Бұрын жәбірленушіні өз еркімен жіберген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін норма алынып тасталды. Енді жаза жәбірленушіні босатқанына қарамастан тағайындалады.

Жаңа өзгерістер күшіне енген сәттен бастап ішкі істер органдарының бөліністері Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша жеті қылмыстық іс қозғады. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 15 адам ұсталды.

Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмыстардың барлық мән-жайлары анықталуда.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық пен некеге мәжбүрлеу жағдайларына бейжай қарамауға шақырады. Мұндай фактілер туралы ақпаратыңыз болса, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.

Министрлік қыз алып қашу фактілерінің алдын алу және әйелдерді зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеудің кез келген түрінен қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.