Коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы директоры ұрлық жасады деген күдікке ілінді

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Таза Өскемен» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығына қатысты қала көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде

Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар, деп хабарлайды ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

Лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, күдіктілер мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен аффилирленген коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.

Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған.

«Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген.

Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, «BMW X6M» және «Subaru Forester» автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды», – делінген хабарламада.

Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.