
Өскемен қаласының №30 орта мектебінде полиция қызметкері Даур Ибраевтың құрметіне «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6-сыныптың 21 оқушысы дәл осы сыныпта білім алатын болады. Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті, халыққа қызмет ету мен елді қорғауға деген ұмтылысты қалыптастыру. Сонымен қатар бұл бастама полиция қызметіне және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге деген қызығушылықты арттыруды көздейді.
Даур Ибраев 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Ол ведомстволық жоғары оқу орнын тәмамдап, 2000 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының полиция құрылымдарында қызмет атқарған. Өз еңбек жолында Бородулиха және Шемонаиха аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарған, ал 2016 жылдан бастап Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Полиция сыныбының ашылу салтанатына Даур Болатұлының ата-анасы, туыстары және жас кадеттердің жақындары қатысты. Болашақ құқық қорғаушылардың қатарына қабылдау рәсімін Өскемен қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мен ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов өткізді.
Серік Манапов батырларды ұлықтаудың және жас ұрпаққа олардың ерлігін үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.
Ибраев Даур Болатұлы – антына адал, нағыз офицер еді. Оның өмірі мен қызметі әрбір полиция қызметкері мен жас буынға үлгі. Бүгінгі «Жас сақшы» сыныбының шәкірттері осы есімге лайық болып, қазақстандық полицияның игі дәстүрін жалғастырады деп сенемін, – деді ол.
Жаңа ашылған полиция сыныбы – ұрпақтар сабақтастығының көрінісі әрі азаматтардың қауіпсіздігі жолында өмірін қиған ерлердің ерлігін ұлықтаудың нышаны.