Елімізде электр энергетикасы саласындағы негізгі үдерістерді автоматтандыру көзделген

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Ол электр энергиясын дамыту мен цифрландыру – электр энергиясын өндіру, тарату және тұтыну тиімділігін арттырудың негізгі факторларына айналатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде орталық мемлекеттік органдар, соның ішінде Энергетика министрлігі энергетика саласының цифрлық трансформациясының картасын әзірлеп, бекітті. Цифрлық трансформация картасы — бұл энергетикалық кешенде цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған стратегиялық шаралар мен кезеңдерді сипаттайтын жоспар немесе жол картасы», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Вице-премьер цифрлық трансформацияның мақсаты – интеллектуалды желілерді (Smart Grid), цифрлық егіздерді, мониторинг және болжамдық диагностика жүйелерін енгізу, сондай-ақ сұранысты болжау, генерацияны оңтайландыру және желіні басқару үшін жасанды интеллектіні пайдалануға бағытталғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта энергетика саласында 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 99%-ы онлайн форматта ұсынылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1 мыңнан астам қызмет көрсетілді. 2027 жылға қарай электр және жылумен жабдықтау нысандарының кемінде 50%-ын цифрлық мониторингпен қамтамасыз етіп, саланың негізгі үдерістерін автоматтандыру жоспарлануда.