Астанада мейрамханадан өрт шығып, 8 пәтер зардап шекті

18 қыркүйекте Достық көшесі, 12/1 мекенжайындағы 8 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы KaRima кафесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Әкімдік, ТЖД және қалалық Полиция департаменті бірлесіп, оқиға орнында жедел штаб құрды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты

ТЖД мен Полицияның үйлесімді әрекетінің арқасында өрт тез арада жойылды.

Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

«Өрт салдарынан 8 пәтер зардап шекті. Тұрғындар қаланың қонақүйлеріне уақытша орналастырылады. Сондай-ақ барлық бағытта көмек көрсетілетін болады.

Алдағы тәулік ішінде бүлінген пәтерлерді жөндеу және фасадты қалпына келтіру жұмысы KaRima кафесі иелерінің қаражаты есебінен басталады», – делінген хабарламада. 

Осындай барлық жағдайда жергілікті атқарушы органдар өрттің салдарын жедел жою үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдайды.