Соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, Съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

– Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Конгреске қатысушылардың ұсынымдарына сәйкес, Съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, ол жүзеге асырылып жатыр.

– Аталған құжат біздің бейбітшілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл съезд жұмысына берілген жоғары баға. Алдағы мерейтойлық 80-ші сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен екеніне назар аударды.

– Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөнінде арнаулы сессиясы ұйымдастырылғанын атап өтіп, жаһандағы гуманистік күн тәртібін ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін Альянстің жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратиносқа ризашылығын білдірді.

– Киелі діни орындар мен нышандарды қорғау арқылы біз, шын мәнінде, адамзат өркениетінің қайнар көзін сақтаймыз. Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі төрт мыңға жуық діни бірлестік бар. Біз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді киелі жерлерді, ертеде және қазіргі заманда бой көтерген мешіттерді, православие мен католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығы мен «Бейт Рахель Хабад Любавич» сияқты синагогаларды қорғап, қолдау көрсетеміз. Мемлекет діни қауым үшін ерекше маңызға ие барлық қасиетті орындардың сақталуын өз қамқорлығына алған. Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы тас будда петроглифтері, Алматыдағы Леви-Исхак Шнеерсонның қабірі, католиктер айрықша ардақтайтын Солтүстік Қазақстандағы Мәриямкөл – осының жарқын мысалы. Киелі жерлер наным-сенімі әртүрлі адамдарды біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланысты сақтайды. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана сәулеттік немесе тарихи ескерткіш емес, бейбітшіліктің, өзара құрмет пен халқымыздың мәдени саналуандығының символы, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы өткен Съезден бері әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алды. Кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұған «өркениеттер дағдарысы» деп айдар тақты.

– Киплингше айтсақ, «Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс. Олар ешқашан бір арнада тоғыспайды». Бірқатар ірі мемлекетте орын алған кейінгі уақиғаларды шолып өтсек, мұндай ұйғарымның дұрыс көрінуі мүмкін. Бірақ саяси факторды ешқашан естен шығаруға болмайды. Басқаша айтқанда, басқарушы биліктің мемлекеттік құрылым туралы тұжырымы мен тәжірибесін қаперде ұстаған жөн. Олар жүргізетін саясаттың бейбіт диалогты қолдау, мәдениеттердің, түрлі дін мен дүниетанымның ықпалдастығы тұрғысынан әрдайым орынды әрі конструктивті бола бермейтінін көріп отырмыз. Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизмнің күн санап белең алуы алаңдатпай қоймайды. Қалыптасқан түсініктердің көз алдымызда өзгеруі жастарды адастырады. Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысына куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Қазақстанда осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударылады. Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. Түрлі этнос, дін және ұлт өкілдері арасында толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу маңызды деп санаймын. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Оған «Заң және тәртіп» қағидатына сай құқықтық баға беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанда соңғы жылдары анағұрлым орнықты, ашық әрі әділ саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістер дәйекті түрде жүргізілгенін атап өтті.

– Адам құқығын қорғау саласы айтарлықтай күшейді: Конституциялық сот құрылып, омбудсмен институты нығайды, арнайы заңдар мен жарлықтар шығарылды. Жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыздың басым бөлігі қолдаған 2022 жылғы конституциялық реформа саяси жүйемізді түбегейлі жаңғыртты. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алдық. Президентті жеті жылға бір рет сайлау тәртібі бекітіліп, сондай-ақ Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым атқаруға тыйым салатын нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда елімізде бірпалаталы Парламент құру бастамасын көтердім. Аталған ұсыныс халық мүддесіне сай саяси жүйені жаңғырту ниетінен туындап отыр. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы негізінде қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ішкі саясатымызда ерекше мән беріледі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы инновацияны, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге тоқталып, ұлттық экономиканы жаппай цифрландыру идеясы биылғы Жолдауының арқауы болғанына назар аударды.

– Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын реформалауға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мен Жолдауда ұсынған жоспарлар аталған бастаманы одан әрі өрбітеді. Бұл жерде еліміздің жаңа индустриалды қалыбын құру жөнінде сөз болып отыр. Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым біртіндеп жаңғыртыла бастады. Қазақстан Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі құрлық дәлізі саналады. Сондықтан көлік-транзит әлеуетімізді арттыруға айрықша күш саламыз. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауға және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда мемлекет инвестициялық ахуал мен іскерлік ортаны жетілдіруге кірісті. Ұлттық экономиканы дамыту ісінде мемлекеттің ауқымды қаржылық мүмкіндігін жұмылдырумен қатар, ірі инвестиция тартуға тырысамыз. Дегенмен біздің басты байлығымыз – адам. Сол себепті мемлекет адам әлеуетін нығайту бағытында кешенді шара қабылдады. Ұстаздарды, дәрігерлерді, ғалымдар мен инженерлерді, жастарды қолдау тетіктері жаңа деңгейге көтерілді. Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл шешім қоғамда еңбекқорлық культінің маңызды екенін көрсетеді. Біз жаңа мектептер құрылысына, жоғары білім, ғылым, спорт және креативті индустрия салаларын дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғыртуға қомақты қаржы бөліп отырмыз. Қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру үшін жан-жақты шаралар қабылданды. Былтыр «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталып, оған миллиондаған отандасымыз қатысты. Мұның бәрі Әділетті, Таза, Қауіпсіз, Қуатты, Цифрлық Қазақстанды – жауапкершілігі жоғары азаматтардың мемлекетін, мүмкіндіктер мен прогрестер елін құру жолындағы басты бағдар саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылық күшейіп, сауда және санкция текетірестері бәсеңдемей тұрғанына, жаппай қарусызданудың орнына әскерді жарақтандыру жарысы басталып кеткеніне тоқталды.

– Дүние жүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады. Өкінішке қарай, әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып барады. Менің ойымша, мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, өркениеттер байланысын дамытуда, сондай-ақ адамдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуда айрықша рөл атқаратын дінбасыларына зор үміт артылады.

– Діни қайраткерлер саясаткерлерді парасаттылыққа, ізгілікке және моральдық жауапкершілікке үндеп, әлемнің құрдымға кетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімдімін. Дүние жүзінде мұндай үлгі тұтар талпыныстар жоқ емес. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Адамзат бауырластығы туралы құжат, Мекке декларациясы, Бахрейн форумы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Ибраһим зәузатының үйі» – осы бастамалардың барлығы тізе қосып әрекет етсе, дін ұйыстырушы күшке айналатынын көрсетеді. Мұндай тәжірибені одан әрі дамытып, кеңінен тарату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан әрі Президент Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға қатысты ұстанымымен бөлісті.

– Халықаралық және өңірлік ұйымдар деңгейінде діни дипломатияның әлеуетін пайдалану маңызды. Осыған дейінгі Съезд аясында көтерген «Бейбітшілік қозғалысы» атты идеямды талқылауды ұсынамын. Жоғарғы дін қызметкерлері зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бітімге келу жолдарын іздеуге ешқандай саяси реңксіз, бейтарап үндеу жасау арқылы аталған қозғалысқа моральдық тұрғыдан демеу бола алар еді. Адам өмірінің құны, жанашырлық пен мейірбандық секілді жалпыға ортақ құндылықтарға негізделген бұл бастама діндар қауымды ғана емес, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес құрылымдар өкілдерін, сарапшыларды, тіпті жастарды да біріктіре алады. Бейбітшілікті қорғау жолындағы үніміз әлдеқайда өршіл болуы қажет. Осы Съезд секілді алаңдар соған септігін тигізеді. Бұл ретте әзірге әлемде баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымына үлкен сенім артамыз. Орайлы сәтті пайдаланып, Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашу туралы еліміздің ұсынысына қолдау білдіргені үшін Ұйымға мүше барлық мемлекетке ризашылығымды білдіремін. АӨСШК, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы, Араб мемлекеттері лигасы секілді өңірлік құрылымдардың рөлін күшейту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, діни конфессиялар қай заманда да адамдарға түрлі қиындықтар мен тауқыметтерді еңсеруге көмектескен. Сондықтан адамның рухани қажеттілігі туралы сөз қозғалғанда, оның дүниелік мұқтаждықтарын да қаперден шығаруға болмайды.

– Елеулі жетістіктерге қарамастан, адамзат көптеген гуманитарлық сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Миллиондаған адамдар аштықтан, індеттен, қоршаған ортаның азып-тозуынан және климат өзгерісінен зардап шегуде. Қазақстан кедейлікті азайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге және гуманитарлық көмек көрсетуге айтарлықтай күш-жігер жұмылдырады. Бұл мәселелерді келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Экология және орнықты даму өңірлік саммитінде талқылау жоспарланған. Еліміз – мұсылман әлемінің қиыр солтүстіктегі ең үлкен аймағы. Отыз жыл бұрын біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі атандық. Осы беделді бірлестік аясында Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының құрылуына бастамашы болды. Дін қайраткерлері әрқашан адамдарды жігерлендіріп, игі іс жасауға, жоқ-жітікке жәрдемдесуге шақырады. Діни қауымдар гуманитарлық миссиялар мен еріктілер бағдарламасын іске қосып, мектеп пен аурухана ашады. Жастар мен әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық көрсетіп, климат пен миграция мәселесін қозғайды. Бұл XXI ғасырда да діннің жасампаз күшке ие екенін тағы бір дәлелдейді. Оның мүмкіндігін толық пайдалану қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлем күрделі экологиялық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отырғанын, соның ішінде Орталық Азия оны ерекше сезінетінін жеткізді.

– Климат өзгерісі мұнда әлемдік деңгеймен салыстырғанда өте тез жүріп жатыр. Аймақта құрғақшылық жиі орын алып, мұздықтар еріп, тұщы судың қоры азайып келеді. Кез келген халықтың рухани дәстүрі табиғатты аялауға, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге үйретеді. Өйткені Жер – Жаратушы сыйлаған ортақ үйіміз. Оған қамқорлық таныту – парызымыз. Климаттағы өзгерістер мен оның ауыр салдары – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, іргелі адамгершілік құндылықтар үшін сынақ. Ықтимал экологиялық апаттардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақты нығайту, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейде үйлесімді әрекет ету маңызды. Сондықтан Съезд аясында климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынамын. Аталған құжатта рухани дәстүрлерге негізделген және климат өзгерістеріне осал өңірлерді қолдауға ерекше мән беретін экологиялық жауапкершіліктің жалпыға бірдей қағидаттарын бекітуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент әлемнің жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанына назар аударды.

– Жасанды интеллект, үлкен дерекқор, биоинженерия және басқа да революциялық жаңашылдықтар адамның тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертті. Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр. Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұраттардың сақшысы ретінде адамзаттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. Ол үшін дін көшбасшыларының, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогын ұйымдастыру қажет. Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл жерде «алгоритмдерге арналған қағидалар» жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр. Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, жақыныңа жанашырлық, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.

– Бүгінде көптеген ойшылдар постсекулярлық дәуірдің басталғанын жиі айтады. Яғни мұндай кезеңде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады. Біздің Съезд замана көшінен қалмауға тырысады. Сондықтан дін өкілдерінің диалогын ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығымен күшейтеміз. Рухани даналық пен сарапшылар білімінің синтезі жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті проблемалардың тиімді шешімін табуға жол ашуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы болашақ жастардың қолында екенін жеткізді.

– Өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі керек. Қазіргі жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да, оларды толғандыратын мәселелер – ортақ. Демек сол түйткілдердің шешімін де бірлесіп іздеу қажет. Сол себепті, Съезд аясында Жас дін көшбасшылары форумы екінші рет өткізіліп жатыр. Бұл форумға қатысушылар ашық пікір алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Бәріміз рухани көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Оларға қолдау көрсету – баршамызға ортақ парыз. Қазақ халқында «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, бәріміз күш-жігерімізді біріктірсек, жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере аламыз. Біз Астана төрінде осымен сегізінші мәрте бас қосып отырмыз. Бұл дін басшыларының арман-мұраты ортақ екенін аңғартады. Бүкіл адамзатқа төнген түрлі қауіптерге бірігіп қарсы тұруға дайын екенін көрсетеді. Осы дөңгелек үстелдегі құрмет пен достық рухы дүние жүзін ынтымаққа бастасын! Игі мақсаттарға бірге жетейік, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.