
Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында 23 қазаннан бастап жаңа мюзикл фильм көрерменге жол тартады
Фильм толығымен композитордың әндеріне орайластырып түсірілген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Фильмнің бас продюсері әрі режиссеры New York Film Academy түлегі Санат Шапашовтың мәліметінше, фильм үшін арнайы Ш.Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады.
Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсетті.
Бұл – режиссердің дебюты. Санат Шапашов үлкен музыкалық тв жобалар арқылы және «Казахи» КВН командасы резиденті ретінде танымал. Фильм түсірілімдері үшін арнайы Голливудтың әйгілі кинотуындыларын түсірген инновациялық кинокамера алдырылды. Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар елорданың көркем жерлерінде түсірілген.
«Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230-ға жуық актер бас қосқан ең үлкен массалық көріністер бар. Бұл кадрда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды. Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген болатын. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді.
Мюзикл қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды ретінде өз орнын алады деген сенім бар. Бұл картина еліміздегі креативті индустрияның дамуына дәлел болатын туынды. Фильмде бірнеше жанр мен бірнеше шығармашылық креативке орын табылды. Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі.
Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды. Басты рольдерде Дәурен Серғазин, 5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға оралған Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова бар.
Фильм өндірісінде еңбек еткендер:
• Бас продюсер, режиссер: Санат Шапашов;
• Сценарий авторлары: Санат Шапашов, Ринат Сүлейменов, Анель Оспанова, Перизат Мырзахмет;
• Музыкалық продюсерлер: Мұхтар Қалдаяқов, Ботагөз Қалдаяқова;
• Продюсер: Анель Оспанова;
• Digital продюсер: Әйгерім Есенәлі;
• Қоюшы оператор: Азамат Жаңабеков;
• Қоюшы суретші: Руслан Оспанов;
• Хореограф: Уәлитбек Сиязбек;
• Музыкалық өңдеуші: Никита Карев.
Айта кетейік, джукбокс мюзикл – танымал әндерді пайдаланатын сахналық қойылым немесе музыкалық фильм. Бұл мюзиклдерде белгілі орындаушылардың үлкен репертуары бар және сюжеттер көбінесе олардың өмірі мен шығармашылығына негізделген немесе мюзикл үшін арнайы жасалған.