
Футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі алдағы екі ойынына толық құрамда дайындыққа кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Ел құрамасы J тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Қазірге дейін қазақстандық футболшылар Уэльс (1:3) пен Солтүстік Македония (0:1) құрамаларынан жеңіліп, Лихтенштейннен (2:0) басым түсті.
Енді қыркүйекте әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде екі ойын өткізеді. 4 қыркүйекте Астанада Уэльс құрамасын қабылдаса, 7 қыркүйекте сырт алаңда Бельгиямен кездеседі. Екі ойын да 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтеді.
Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 29 тамызда Астанда басталды.
Оған алдымен қазақстандық футболшылар келді. Одан кейін Ресейдің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп пен «Ахмат» клубының шабуылшысы Максим Самородов келіп қосылды.
Сондай-ақ Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне жолдама алған алматылық «Қайрат» командасының Қазақстан Премьер-лигасы 22-турдағы «Оқжетпеспен» ойыннан кейін Дастан Сәтпаев, Дамир Қасаболат, Темірлан Анарбеков ұлттық құрама сапын толықтырды.
Ал Бақтиер Зайнутдиновтің алдағы екі ойынына қатыса алмайтыны белгілі болды.
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);
Қорғаушылар: Әлібек Қасым, («Ақтөбе»), Ян Вороговский («Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Наурызбек Жагоров («Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Сергей Малый, Ұлар Жаксыбаев, Сұлтанбек Астанов (бәрі – «Ордабасы»);
Жартылай қорғаушылар: Ислам Чесноков («Тобыл»), Рамазан Оразов, Алмас Төлібай, Ғалымжан Кенжебек (бәрі – «Елімай»), Дәурен Жұмат, Серікжан Мужиков (екеуі де – «Оқжетпес»), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Бағдат Қайыров («Ақтөбе»), Дамир Қасабулат («Қайрат»);
Шабуылшылар: Оралхан Өміртаев («Ақтөбе»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Дастан Сатпаев («Қайрат»), Иван Свиридов («Елімай»).