Қазақстандық мергендер Азия чемпионатында 9 медаль жеңіп алды

16–30 тамыз аралығында Шымкент қаласында нысана көздеу спортынан өтіп жатқан XVI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуде. Ұлттық құрама 9 медаль еншіледі: 2 алтын, 1 күміс және 6 қола, деп мәлімдейді ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанға алғашқы алтынды Ислам Сатпаев сыйлады. 10 метрлік пневматикалық винтовка жаттығуының финалында Алматы қаласының өкілі, Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері қытайлық және кореялық қарсыластарын артта қалдырып, Азия чемпионы атанды.

Жасөспірімдер арасындағы «скит» жаттығуында тағы бір алматылық спортшы Артём Седельников алтын медаль иегері атанды. Ол шешуші сында Үндістан спортшыларын басып озды.

Бұған дейін әйелдер арасындағы «скит» жаттығуында Анастасия Молчанова қола жүлдеге қол жеткізсе, командалық есепте Ольга Хайлова, Адель Садақбаева және Анастасия Молчанова күміс жүлде иеленді.

ПП-3 жаттығуында жасөспірімдер командасы (Кирилл Федькин, Рамазан Ынтықбай, Кирилл Цуканов) қола жүлдеге ие болды. Дәл осы жаттығуда жасөспірім қыздар құрама командасы (Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова, Асылым Жақия) қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ жастар арасындағы командалық ПП-3 жаттығуында Кира Владимирова, Алиса Краденова және Софья Жукова қола медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар, ПП-микс жаттығуында жасөспірімдер жұбы Кирилл Федькин мен Сәуле Әлімбек ел қоржынына тағы бір қола жүлде қосты. Осы жаттығуда ұлдар арасында Даниил Смирнов пен Алиса Краденова да қола медаль иеленді.

Айта кетейік, чемпионатқа 27 елден 800-ден астам спортшы қатысуда. Азия чемпионатында 700-ден астам медаль сарапқа салынады.

Жарысты Қазақстан нысана көздеу федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіп жатыр.