Жетісуда фельдшерлер балалары бар отбасын өрттен құтқарды

Ескелді ауданының №6/6 жедел жәрдем бригадасы шақыртудан қайтып келе жатқанда, Текелі жақтағы тас жолда жанып жатқан үйді байқады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді 

Министрліктің мәліметінше, фельдшерлер Ғабит Ерғажы, Дамира Рахимова және жүргізуші Мұрат Сәтеков бірден іс-қимылға көшті: олар тоқтап, сирена мен жарық сигналын қосты.

«Үй жабық болды, ішінен ешқандай тіршілік белгілері байқалмады.

Бірақ бригада оған қарамастан, ұйықтап жатқан тұрғындарды оятып, барлығына далаға шығуға көмектескенше терезелер мен есіктерді ұрғылады», – делінген хабарламада.

Үйде 5 ересек адам мен 2 бала, оның ішінде омыраудағы бала бар екен. Адамдар құжаттарын ғана алып үлгеріп, жалын құшқан үйден қашып шықты.

Адамдарды құтқарғаннан кейін бірнеше минуттан кейін үй толығымен өртеніп кетті.