
Қазақстанда алғаш рет спорттық білім беру жүйесінде кадр даярлаудың жаңа санаттары енгізілді
Бұған дейін оқыту тек мектептегі дене шынықтыру пәніне бағытталған «Дене шынықтыру» мамандығы аясында жүргізілсе, енді жаттықтырушы, әдістеме, оңалту, инклюзивті және цифрлық спорт бағыттарын қамтитын арнайы бағдарламалар іске қосылды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл – елімізде спорт мамандарын даярлауға жүйелі әрі ғылыми тәсіл қолданудың алғашқы қадамы. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының базасында мынадай білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда:
- «Жаттықтырушылық қызмет (спорт түрлері бойынша)»
- «Спорт және сауықтыру саласындағы нұсқаушы-әдіскер»
- «Спорттық оңалту»
- «Үстел үсті спорт түрлерінен педагог-жаттықтырушы (шахмат, тоғызқұмалақ)»
- «Киберспорт (Esport)»
- «Дене шынықтыру және спорт (IP)»
- «Бейімделген дене шынықтыру бойынша педагог»
- «Қазақ күресі бойынша педагог-жаттықтырушы»
«Барлық бағдарламада тәжірибеге басымдық берілген. Студенттер оқу барысында спорт федерацияларында, клубтарда, инклюзивті және оңалту орталықтарында тағылымдамадан өтіп, нақты жағдайларда кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Оқу модульдеріне спорттық талдау негіздері, құқықтық дайындық, жекелей жаттығу жүйесі, жарақаттың алдын алу, алғашқы көмек және спорт психологиясы сияқты пәндер енгізілген», – делінген хабарламада.
Мамандарды даярлаудың жаңа жүйесіндегі маңызды жаңалықтың бірі – Қазақстанда алғаш рет іске қосылған Executive MBA Sport Management халықаралық қос дипломды бағдарламасы. Оны Академия Францияның EKLORE-ed School of Management университетімен бірлесіп әзірлеген.
«Бұл – елдегі спорт саласының мамандары мен басшыларына арналған алғашқы басқару магистратурасы. Бағдарлама басқарушылық ойлау қабілетін, халықаралық стандарттар мен спорт индустриясындағы нақты тәжірибелерді біріктіреді. Сонымен қатар шетелде тағылымдамадан өту және еуропалық диплом алу мүмкіндігін қарастырады», – деп атап өтті министрлікте.
Министрлік спортты дамытуда ғылыми негізделген, тұрақты әрі заманауи модельді енгізу жұмыстарын жалғастырады. Бұл ретте мамандарды сапалы даярлауға және олардың кәсіби жетістіктерін қолдауға басымдық беріледі.