Полиция Перизат Қайраттың мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

Астана қаласының Полиция департаменті Перизат Қайраттың «тергеу изоляторы қызметкерлері тарапынан соққыға жығылдым” деген мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

ПД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 9 маусым күні тергеудегі П.Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеген.

«Аталған арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы Полиция департаментіне жолданып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ атап өтілгендей, тергеу аясында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынды.

«Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды», – деп мәлімдеді полиция.