Елордадағы мектептің лауазымды тұлғалары 900 млн теңгеден астам қаржыны иемденді деген күдікке ілінді

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Астана қаласы әкімдігіне қарасты «№81 Astana English School халықаралық мектебі» КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде

Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, бұрынғы директор мен бас бухгалтердің 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

«Бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатысу үшін қолма-қол алынған ақша, алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланған.

Сонымен қатар, шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табыстарға жалпы құны 382 млн теңгені құрайтын мүлік сатып алған: коттедж, елордада екі пәтер және автокөлік», – делінген хабарламада.

Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.

Күдіктілер қамауға алынды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.