Үкімет неміс инвесторларымен бірлесіп Жетісуда халықаралық әуежай салады

Президент тапсырмасы бойынша Үкімет неміс инвесторларымен бірлесіп Жетісу өңірінде халықаралық жүк және жолаушылар әуежайын салады

Премьер-министр Олжас Бектенов Skyhansa компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбахпен кездесу өткізді. Онда Жетісу облысындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы маңында жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының жобасы ICAO халықаралық ұсынымдарына сәйкес авиациялық инфрақұрылым салудың үш кезеңді бағдарламасын көздейді. Бірінші кезең шеңберінде 2027 жылға дейін:

Екінші және үшінші кезеңдер шеңберінде 2032 жылға дейін туристік және ойын-сауық инфрақұрылымы да құрылады. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 250 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ жобада Air–Rail–Auto-Air жүк тасымалдарының мультимодалды сызбасын әзірлеу және Азия-Тынық мұхиты аймағы бағытындағы көлік және логистикалық маршруттардың түйіскен жерінде экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашу көзделген.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасы құрылымын әртараптандыру жөніндегі ауқымды жұмыс шеңберінде көлік-логистика саласын басым бағыттардың бірі ретінде атады. Жетісу облысында заманауи әуежай салу жобасын жүзеге асыру инфрақұрылымды дамытуға елеулі серпін береді және Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Skyhansa компаниясының негізін қалаушы, директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбах жобаның авиациялық инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, сонымен қатар өңірде заманауи логистикалық және іскерлік орталық қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Біз жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі дамыған инфрақұрылымы: жүк және жолаушылар терминалдары, жанармай құю кешені, әуе кемелеріне авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы (MRO), бизнес орталығы, мультимодалды логистикалық мүмкіндіктерге арналған қонақ үйлері бар көпфункционалды өңірлік хаб құрып жатырмыз. Оның Қытаймен шекараға жақын орналасуы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА шеңберінде халықаралық сауданы дамытуға қолайлы жағдай жасайды, ал оның теміржол және автожол желілеріне қосылуы жаңа Жібек жолындағы келешегі зор логистикалық тораптардың біріне айналдырады», — деп атап өтті доктор Кристин Грётцбах.

Кездесу соңында ҚР Көлік министрлігі мен Skyhansa арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, инвестор қажетті авиациялық инфрақұрылым құрылысын, негізінен отандық материалдар мен қызметтерді пайдалануды, сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қызметкерлердің кемінде 90%-ы Қазақстан азаматтары болуын қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Қазақстандық тарап инженерлік және көлік инфрақұрылымын тартып, сондай-ақ арнайы экономикалық аймаққа қатысушыларға мақсатты жеңілдіктер береді.