Қауіпсіз балалық шақ: мектепке қажетті тауарлар мен киімді қалай дұрыс таңдау керек?

Бала – ата-ана үшін ең асыл жан. Сондықтан әрбір ата-ана ұл-қызына барынша жайлы мектеп формасын, әдемі ойыншықтарды, сапалы кеңсе тауарларын таңдауға тырысады. Алайда көз тартатын көркем сыртқы бейненің ар жағында көзге көрінбейтін, бірақ денсаулыққа зиян келтіретін химиялық заттар жасырынып жатуы мүмкін. Аллергия, тері тітіркенуі, бас ауруы – сапасыз материалмен ұзақ әрі тұрақты жанасудың салдары болуы мүмкін.

Бұл неге маңызды?

Бала ағзасы – әлі қалыптасу жолындағы нәзік әлем. Оның иммундық және жүйке жүйесі сыртқы ортадан келетін кез келген әсерге өте сезімтал. Ал күн сайын бірнеше сағат бойы үстінен түспейтін мектеп формасы, арқадағы рюкзак, аяқтағы аяқ киім мен қолдан түспейтін кеңсе тауарлары – осы нәзік ағзаға үздіксіз ықпал ететін жүктеме. Сондықтан мұндай заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайды – бұл бала денсаулығының көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды тірегі.

Мысалы, түрлі-түсті қарындаштар мен фломастерлердің құрамында улы бояғыштар болуы мүмкін. Синтетикалық маталар – формальдегид пен фталаттарды, яғни тыныс жолы мен теріге зиян келтіретін заттарды бөлуі ықтимал. Мұндай заттар тек зертханалық талдау арқылы ғана анықталады.

Неліктен зертханалық сараптама қажет?

Балаларға арналған тауарларды сауда сөрелеріне шығар алдында міндетті түрде қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін дәлелдеуі тиіс – бұл декларация немесе сертификаттаумен расталады. Онда келесі көрсеткіштер зерттеледі:

Қауіп қайдан тууы мүмкін?

Киім: жаңа киімнен шығатын өткір иіс оның құрамында ұшпа органикалық қосылыстардың бар екенін көрсетеді. Мұндай маталар теріні тітіркендіруі немесе аллергия тудыруы мүмкін.

Ойыншықтар: базардан немесе бейресми сауда орындарынан алынған, таңбаланбаған пластик ойыншықтардың құрамында фталаттар болуы ықтимал. Олар көбіне сертификатталмайды.

Аяқ киім мен аксессуарлар: желім, бояу, сәндік элементтер – бұлардың бәрі де химиялық қауіптіліктің көзі болуы мүмкін.

Қазақстанда бұл қалай реттеледі?

Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында балалар тауарлары келесі техникалық регламенттер бойынша реттеледі:

Бұл талаптардың орындалуын санитариялық бақылау органдары мен арнайы аккредиттелген зертханалар тексереді.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы — халықаралық ISO/IEC 17025 стандарты бойынша аккредиттелген және ILAC MRA белгісіне ие, бұл оның жүргізген зерттеулерінің халықаралық деңгейде мойындалатынын білдіреді.

Ата-аналарға арналған 5 кеңес:

  1. Қаптамада көрсетілген таңбалауды тексеріңіз. Өнімнің құрамы, шыққан елі мен техникалық регламенттерге сәйкестігі туралы ақпарат болуы керек.
  2. Иісіне назар аударыңыз. Өткір химиялық иіс – қауіпті заттардың бар екендігінің белгісі.
  3. Сертификат сұраңыз. Сатушыда тауардың қауіпсіздігін дәлелдейтін құжат болуы қажет.
  4. Бейресми саудадан сақ болыңыз. Нарық пен көшедегі сауда орындарында көбіне сертификатталмаған өнімдер кездеседі.
  5. Күмән туса – сатып алмаңыз. Қажет болса, зертханалық сараптама жасатуға болады.

Қорытынды:

Балаңызға арналған киім-кешек пен мектепке қажетті тауарларды саналы түрде таңдау – оның денсаулығына деген алғашқы қадамыңыз.

Референс-зертхананың мамандары еске салады: әрбір ата-ана – баласының алғашқы қорғаушысы. Сатып алып жатқан затының неден жасалғанын білу – сіздің заңды әрі табиғи құқығыңыз. Сұраудан тартынбаңыз. Тексеруден жалтармаңыз. Құжатын сұраудан ұялмаңыз. Өйткені балаңыздың қауіпсіздігі – дәл сол сәттегі таңдауыңыздан басталады.