«Атырау» футбол клубы мемлекет меншігіне қайтарылды

Мұндай шешім клубты басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес қабылданды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Спорттық клуб 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Атырау» кәсіби спорт клубы» қоғамдық қорының сенімгерлік басқаруында болып келді. Алайда осы жылдар аралығында клубтың атқарған жұмыстарынан құрылтайшылар мен басшылықтың жиі ауысуы, тұрақты спорттық көрсеткіштердің болмауы, сондай-ақ қаржы-шаруашылық қызметіндегі ашықтықтың жеткіліксіздігі секілді мәселелер байқалды.
Легионерлер санының артуы, бюджеттің ашықтығы мен нақты есеп берудің болмауына байланысты клубты мемлекеттік басқаруға қайтару туралы шешім қабылданды.Бұл қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуге және өңірдің футбол инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді» – деп мәлімдеді облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы.
Жуықта клуб қызметінің ашықтығына, тұрақты басқаруға, жастар мен балалар футболын дамыту, сондай-ақ спорттық ілгерілеудің тұрақты стратегиясын әзірлеуге жіті мән беріліп, клубты кезең-кезеңімен реформалау жоспарланып отыр.