«Бәйтерек» холдингі елдің экономикалық өсуін қолдау мақсатында 8 трлн теңге бөледі

ҚР Үкіметінің отырысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин экономикалық өсімді ынталандыруға, бизнесті қолдауға және елдің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) 7%-ға дейін арттыруға бағытталған холдингтің негізгі бастамаларын таныстырды

2025 жылы Үкіметтің негізгі қаржы институты кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғын үй құрылысына қолдау көрсетуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға 8 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.

Нақты сектордағы қарыз алушылар үшін бірыңғай сыйақы мөлшерлемесін 12,6% деңгейінде белгілеу арқылы бизнесті қолдау шаралары жүзеге асырылады. Бұл қадам несие нарығындағы теңгерімсіздікті жойып, субсидиялау тәжірибесінен біртіндеп бас тарту арқылы мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктерді тарту мақсатында холдинг арнайы кепілдік беру қорын құрады. Аталған қор құны 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін несие сомасының 30%-на дейінгі бөлігін кепілдендіру арқылы кепілдік қамтамасыз ету мәселесін шешуге ықпал етеді.

«Қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларды жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады. ЕДБ үшін бұл кредит көлемін ұлғайтуға және кепіл жеткіліксіз болған кезде кредит беру тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Өңдеу өнеркәсібі секторларына кепілдіктер берілмекші, кепілдіктердің қайтарылмауы банктердің қызығушылығын арттыруды, ал бизнес субъектілері үшін кепілдіктердің ақылы болуы – кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруды көздейді» – деді холдинг басшысы.

Осыған ұқсас арнайы кепілдік қоры Президенттің тапсырмасы бойынша «Даму» қорының негізінде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында іске қосылады. Жаңа қор 2027 жылға қарай кепілдіктер портфелін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа механизм кепілдік берілетін экономика секторларының тізбесін кеңейтеді және банктердің өтімділігін экономикалық айналымға тиімді тартуға жағдай жасайды. Нәтижесінде жыл сайын қолдау көрсетілетін жобалар саны бес есе артады. Бұл ретте, елге инфляция импортын төмендететін жобаларға негізгі басымдық беріледі. Кепілдік қорының капиталы мемлекеттік, банктік және ірі компаниялардың жарналары есебінен қалыптасатын болады. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда холдингтің перспективалы жобаларының жалпы көлемі 25 трлн теңгеден асты, оның 40%-ы қаржыландыруды қажет етеді.

Холдинг дәстүрлі басым бағыттарды сақтап, көлік, металлургия, химия және энергетика салаларына назар аударады. Бұл экономиканың стратегиялық секторларына инвестиция тартуды қамтамасыз етеді.

Осылайша, агроөнеркәсіп кешенін қолдау аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Қазіргі таңда 202 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 100 млрд теңге өткен жылдың желтоқсан айында алдын ала аударылған.

Сонымен қатар, машина-трактор паркін жаңарту қарқынын арттыру мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық 5% мөлшерлеме бойынша отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен лизинг беру бағдарламасын іске қосты.

«Импортқа тәуелділікті төмендету және бағаны тұрақтандыру міндеттерін шешуге басымдық беріле отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жалғасатын болады. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға баса назар аударыла отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру, суару жүйелерін енгізу, жабық топырақта көкөністер өсіру, өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту, жем-шөп өндірісін қолдау бойынша жобалар қаржыландырылатын болады» – деп атап өтті Холдингтің Басқарма Төрағасы.

Экспорттық стратегияны қолдау мақсатында «Бәйтерек» холдингі қазақстандық өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін көлемі 200 млн АҚШ долларынан асатын сауда қорын құрады.

Қор қаражаты тұрақты экспорттық жеткізілім тізбектерін қалыптастыруға, көлік-логистика қызметтерін жақсартуға, алыпсатарлық факторларды азайтуға және басқа да маңызды бағыттарға жұмсалады.

Сонымен қатар, жақында 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қаржы операторы ретінде айқындалған «Бәйтерек» холдингі табиғи монополия субъектілерінің жобаларын қаржыландыруға 4,7 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. 2025 жылы қолдау көлемі 283 млрд теңгені құрайды.