Гендерлік тепе-теңдік: директорлар кеңесі мен байқау кеңесі құрамында әйелдердің 30%-ы болуы тиіс

Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет 100% қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлар кеңесі мен байқау кеңестері үшін тәуелсіз директорларды (тәуелсіз мүшелерді) іріктеудің жаңа ережелері мен өлшемшарттарын енгізеді

Бұл өзгерістер корпоративтік басқару сапасын арттырып, мемлекеттік компаниялар деңгейінде шешім қабылдаудың тәуелсіз болуын қамтамасыз етеді. Кеңестер құрамында гендерлік тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударылмақ. Бұл шешім қабылдау үдерісінің әр алуандығы мен сапасына әсер етеді, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа ережелерге сәйкес, тәуелсіз директор лауазымына үміткер кәсіби дағдысы мен тәжірибесімен қатар, жеке қасиеті де көрінетін біліктілік талабына анық сай болуы керек. Барынша ашық жүргізілетін іріктеу жүйесі біліктілігі жоғары мамандарды табуды мақсат тұтады. Сонымен қатар, директорлар кеңесі мен байқау кеңестерінде сабақтастықты енгізуді міндетті жоспарлау көшбасшылықты орнықтырып, тиімді шешім қабылдауға ықпал етпек.

Үміткерлерді іріктеуді жеңілдету үшін Тәуелсіз директорлар тізілімі жасалады. Осылайша, уәкілетті орган білікті маман туралы деректі оңай біле алады. Ал оларды іріктеу уәкілетті орган ұйымдастыратын конкурс арқылы жүзеге асырылады. Мамандар біліктілік бойынша бағаланады. Комиссия сұхбаттасу өткізеді.

Үміткерлерді іріктеуде бейтараптық сақталып, кәсібилік алдыңғы орынға шығуы үшін комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ корпоративтік басқару мәселесімен айналысатын сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері енгізіледі.

Жаңа ережедегі маңызды ұсыныс – директорлар кеңесі мен байқау кеңесінің құрамындағы әйелдердің үлесін кемінде 30% ету.  Бұл гендерлік тепе-теңдікті жақсартуға, өзекті шешім қабылдау кезіндегі пікірлердің әр алуандығына ықпал етпек.

Айтылған жаңашылдықтар іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру, басқару органдары жұмысының тәуелсіздігі мен тиімділігін күшейту тәрізді бірқатар мақсатты көздейді. Осы арқылы тәжірибелі, сараптамалық білімі бар, біліктілігі жоғары мамандарды тартуға, корпоративтік басқаруды күшейтуге, мемлекет қатысатын компаниялардың беделін жақсартуға жол ашылады.

Бұйрықтың жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған. Талқылау 2025 жылғы 17 наурызға дейін жүргізіледі.