
Алматы облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты. Оқиға 26 ақпан күні «Алматы-Астана» автожолының 56 шақырымында орын алған.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтер бойынша, BMW-728 көлігінің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, Ford Mondeo автокөлігімен соқтығысқан.
«Соққы салдарынан Ford өртеніп кеткен. Оқиға орнында Ford көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы, сондай-ақ BMW-нің бір жолаушысы қаза тапты. BMW жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады» – деп мәлімдеді Полиция департаментінде.