
2024 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қызметінің барлық негізгі бағыттарында оң динамика тіркелді. Бұл туралы Холдингтің Директорлар кеңесі жанындағы Стратегиялық жоспарлау жөніндегі комитетінің отырысында айтылды.
Холдинг шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысын, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, экспорттаушылар мен шикізаттық емес сектордағы тауар өндірушілерді тұрақты негізде қолдап келеді.
Комитет отырысына холдинг басқармасының өкілдері, еншілес ұйымдардың басшылары мен сарапшылар қатысты.
Басқосу барысында Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы, 2024 жылдың қаржылық көрсеткіштер бойынша нәтижелерді ұсынды. Аудиторлық тексеруден өтпеген, алдын ала мәліметтерге сәйкес, холдингтің таза пайдасы 416 млрд теңгені құраса, активтер мөлшері 14,1 трлн теңгеге жеткен. Ал активтердің рентабельділігі (ROA) 3% деңгейінде белгіленді. 2023 жылмен салыстырғанда таза пайда 8 млрд теңгеге немесе 4%-ға артты. Бұл көрсеткіштер таңдалған даму стратегиясының тиімділігін және холдингтің қаржылық тұрақтылығын айқындайды.
Шығындарды оңтайландыру, инвестициялық бағдарламаларды кеңейту және жаңа қаржыландыру көздерін тарту – негізгі факторлар ретінде тұрақты қаржылық өсімге әсер етті.
«Біз шығындарды азайтуға бағытталған тиімді тетіктерді жүйелі түрде енгізуді жалғастырудамыз. 2024 жылы операциялық шығындарды 5%-ға қысқарту арқылы экономикалық тиімділікті айтарлықтай арттырдық», – деп мәлімдеді Жандос Шайхы.
Сонымен қатар, Басқарма төрағасының орынбасары комитет мүшелерін холдингтің негізгі стратегиялық бағыттары бойынша қол жеткізілген нәтижелермен таныстырды.
Өнеркәсіпті дамыту
2024 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі өнеркәсіптің дамуына елеулі үлес қосты. Жыл бойы 21 инвестициялық жоба мен 35 экспорттық операцияға қолдау көрсетіліп, оның ішінде жалпы сомасы 1,46 трлн теңгеге 4 банктік кепілдік берілді. Осының нәтижесінде 28 инвестициялық нысан іске қосылып, өндірістік әлеует арта түсті.
ШОБ-ты қолдау
2024 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнесті қолдауға 801,7 млрд теңге бөлді. Бұл қаржы несие мөлшерлемесін субсидиялауға – 311 млрд теңге, кәсіпкерлерге кепілдік беруге – 251 млрд теңге және шартты қаржыландыруға – 240 млрд теңге бағытталды. 2023 жылмен салыстырғанда қаржылық қолдау көлемі 25,6%-ға артты.
Экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау
Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында 96 экспорттаушыға жалпы 367,6 млрд теңге (2023 жылы – 344 млрд) көлемінде сақтандыру және қаржылық қолдау көрсетілді. Жалпы алғанда, 131 экспорттаушыға қолдау көрсетуге 1,04 трлн теңге (2023 жылы – 716 млрд) бөлінді.
Шикізаттық емес секторды дамыту
2024 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі шикізаттық емес сектордағы кәсіпорындарға 8,7 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 53%-ға жоғары. Өсімнің негізгі себептерінің бірі – клиентке бағдарланған тәсілдерді енгізу арқылы қаржылай көмек алатын жобалар санының едәуір артуы.
Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры кәсіпорындарға 2,4 трлн теңге бөлді. Инвестициялардың басым бағыттары металлургия (62%) және тамақ өнеркәсібі (22%) болды. Қазақстанның Даму Банкі шикізаттық емес секторды ұзақ мерзімді несиелеудегі үлесін 47%-ға жеткізіп, экономиканы әртараптандыруға басымдық беріп отыр.
2024 жылы Экспорттық-кредиттік агенттік 96 экспорттаушыға қолдау көрсетті. Сақтандыру міндеттемелерінің жалпы көлемі 359 млрд теңгеге, ал сауда және экспорттық қаржыландыру көлемі 32 млрд теңгеге жетті.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау
АӨК секторы «Бәйтерек» холдингінің жауапкершілік аймағына салыстырмалы түрде жақында ғана енгеніне қарамастан, есепте агробизнесті дамытуға бағытталған қолдауға айрықша көңіл бөлінді.
«Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру – бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне салынған инвестиция. АӨК-ке көрсетілген жалпы қолдау көлемі 1,07 трлн теңгеге жетті. Бұл қаражат 17 740 агробизнес субъектісіне бағытталды. Салыстырмалы түрде алсақ, 2023 жылы бұл көрсеткіш 665,2 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, өткен жылы 43 инвестициялық жобаға 14,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 16 жоба қосымша 4,9 млрд теңге қаржыландыру алды. Сондай-ақ 27 жаңа жобаға 9,8 млрд теңге бөлініп, ішінара қаржыландыру жүргізілді. Холдингтің қолдауымен бір жылдың ішінде 10,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды», – деп мәлімдеді Жандос Шайхы.
Тұрғын үй құрылысын дамыту
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі – Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының негізгі операторы. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 70 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Осы мақсатта «Отбасы банк» халыққа 1,3 трлн теңгеге (2023 жылы – 1,07 трлн теңге) ипотекалық несие берді.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» 186,5 млрд теңге көлемінде үлестік құрылысқа кепілдік беріп, жергілікті атқарушы органдардың 492 млрд теңгенің бағалы қағаздарын сатып алды. Сондай-ақ құрылыс компанияларының несиелерін 3,2 млрд теңгеге субсидиялады.
Қазақстан тұрғын үй компаниясының қолдауының нәтижесінде 730 мың шаршы метрден астам тұрғын үй немесе шамамен 7,8 мың пәтер пайдалануға берілді.
Халықаралық ынтымақтастық
Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов холдингтің халықаралық қызметі жөнінде есеп ұсынды. 2024 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі шетелдік әріптестермен 145 кездесу өткізіп, 52 келісім мен меморандумға қол қойды. Бұл құжаттар инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ шикізаттық емес сектордағы экспортты дамытуға бағытталған.
Холдингтің еншілес ұйымдары жалпы құны 993 млн АҚШ долларын, 3 млрд еуроны және 5 млрд қытай юанын құрайтын 15 инвестициялық келісімге қол қойды. Өз кезегінде, «Бәйтерек» холдингі Германия, АҚШ және Катардың ірі компанияларымен АӨК саласындағы жобаларды қаржыландыру жөнінде 8 меморандум жасасты.
Цифрландыру: клиенттерге арналған ыңғайлы сервистер
Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Үсен цифрландыру саладағы жетістіктер туралы баяндады. Оның айтуынша, бизнеске қолдау көрсету бойынша Бірыңғай портал – Bgov-ты жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта портал 59 онлайн-қызмет ұсынады. Сондай-ақ еншілес ұйымдардың алты ақпараттық жүйесімен және Egov Mobile Business платформасымен үздіксіз интеграция жасалды.
Клиенттерге тәулік бойы кеңес беру және бюрократиялық кедергілерді азайту мақсатында Bgov порталында жасанды интеллект негізінде чат-бот іске қосылды. Ол қызмет көрсету шарттары туралы ақпарат беріп, өтінім беру үдерісін түсіндіруге мүмкіндік береді.
«2024 жылы біз холдинг клиенттеріне қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік беретін жаңа онлайн-сервистерді енгіздік. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін цифрлық несие тарихы әзірленді. Бұл жүйе техникалық паспорттарды, жер учаскелері туралы мәліметтерді және заңды тұлғаларды тіркеу куәліктерін қамтиды. Сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясының барлық қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін – «Агрокредит» мобильді қосымшасы және тәуелсіз бағалаушыларға арналған арнайы қосымша/портал әзірленді. Ал «ҚазАгроҚаржы» экспресс-лизингке өтінім беру мүмкіндігі бар мобильді қосымшаны іске қосты», – деп мәлімдеді Ғалым Үсен.
Тұрғын үй құрылысын цифрландыру аясында «Отау» және «Наурыз» цифрлық ипотекалары іске қосылды. Бұл жүйелер ипотеканы толығымен онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құрылыс компанияларына арналған қызметтер де цифрландырылды. Мысалы, Halyk Bank мобильді қосымшасында салынып жатқан тұрғын үй кешендерін тексеру сервисі енгізілді. Бұл құрал халық арасында үлкен сұранысқа ие, өйткені ол үлестік құрылыс нысандары мен үлестік қатысу шарттарының заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді.
Қазақстандық экспорттаушыларды қолдау мақсатында online.kazakhexport.kz платформасында «Экспорттаушының жеке кабинеті» онлайн жүйесі іске қосылды.
Клиенттердің қанағаттану деңгейі
«Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев клиенттердің ризашылығын зерттеу нәтижелері бойынша ақпарат ұсынды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, холдингтің еншілес ұйымдарының жұмысына клиенттердің 92,3% оң баға берген. Бұл көрсеткіш ұсынылатын бағдарламалар мен сервистерге деген жоғары сенімділікті айғақтайды. Оның айтуынша, жоғары қанағаттану деңгейіне бірнеше фактор әсер еткен. Атап өтсек, қызметтерді автоматтандыру және онлайн форматқа көшіру процестері, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының және жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру мүмкіндігінің іске қосылуы және агробизнесті қаржыландыру көлемінің артуы. Бұл әсіресе екінші деңгейлі банктердегі несиелік қолжетімділік төмен болған жағдайда маңызды қолдау болды.