
Бүгін IX қысқы Азия ойындарында шаңғы жарысынан әйелдер командасы арасындағы эстафета өтті
Бұл сында (4×5 км) Ұлттық құрама мәреге Қытайдан кейін келді. Үздік үштікті Жапония шаңғышылары түйіндеді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
«Жарыс жолына Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина (классикалық әдіс), Ангелина Шурыга мен Надежда Степашкина (еркін әдіс) шықты.
Мұнда барлығы 6 елдің құрамасы жүлдеге таласты. Енді Астана уақытымен сағат 10:00-де ерлер арасындағы (4×7.5 км) эстафета басталады» – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл шаңғы жарысынан Харбин-2025 бәсекесінде Қазақстан қоржынына түскен 3-жүлде. Осыған дейін жекелей сында Константин Борцов күміс, Олжас Климин қола олжалаған.