Мемлекет басшысы Қорғаныс министріне қандай тапсырмалар берді?

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының былтыр атқарған қызметі туралы есеп берілді.

Мемлекет басшысына армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйі мен әскерлерді даярлаудың жаңа тәсілдері жөнінде баяндалды.

Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамыту барысы жайында айтты.

Кездесу соңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге армияның жауынгерлік әлеуетін көтеруге, басқару үдерістерін одан әрі цифрландыруға, Арнайы операциялар күштерін дамытуға, әлеуметтік-идеологиялық жұмыстарды күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді.