Алматыда «Қолданбалы ғылымдағы қазіргі жетістіктер: биомеханикалық зерттеулерден клиникалық сынақтарға дейін» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция басталды.
Аталмыш шара 14 елдің жетекші ғалымдарын, сарапшыларын және мамандарын жинап, отандық медицинаның дамуына маңызды үлес қосатын оқиға болмақ.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Польша, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Грекия және Үндістаннан 200-ден астам қатысушы жиналды. Сондай-ақ, шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ ортопедия және травматология саласындағы медициналық құрылғылар өндірушілері қатысуда.
Конференцияның мақсаты — ортопедия және травматология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, денсаулық сақтау саласындағы әлемдік трендтер мен тәсілдерді зерттеу, сондай-ақ отандық медициналық өндірістегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасау.
Конференция бағдарламасы бірқатар маңызды шараларды қамтиды, соның ішінде:
- Ортопедия және травматология саласында медициналық құрылғылар шығаратын ғылыми-технологиялық парк құру.
- Медициналық практикада авторлық әзірлемелер мен инновациялық технологияларды ұсыну.
- Ортопедиялық жүйке ауруларын емдеуге арналған құрылғылар мен әдістердің биомеханикалық аспектілерін талқылау.
- Ортопедия және травматология саласындағы клиникалық зерттеулер.
- Ғылыми әзірлемелерді патенттеу және коммерцияландыру.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Башкент университеті (Түркия), Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, «Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығы» ЖШС.
Конференцияның қорытындысы бойынша қабылданған резолюция қолданбалы ғылымның дамуына негіз бола отырып, халықаралық ынтымақтастық пен медициналық саладағы серіктестікті нығайтуға үлес қосады.