Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Республика күні қарсаңында мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері арасында «Қазақша куиз» интеллектуалды ойынын өткізді.
Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған бұл шараға 11 команда қатысты, олардың құрамында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі, Астана қаласының Әділет департаменті, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, КеАҚ «Қазақстандық қоғамдық даму институты», «Астана-АЭК» АҚ, «Астана қаласының коммуникациялар қызметі» КММ, «Elorda aqparat» ЖШС және Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры сынды ұйымдар болды.
Интеллектуалды ойынның авторы Мерей Ермұхан бұл шараның ерекшелігін атап өтті:
«Бұл жолғы куиз ойыны Республика күніне орайластырылғандықтан, бағдарлама толықтай Қазақстан тарихы мен мәдениетіне, тарихи оқиғаларға арналды. Интеллектуалды куиз ойындар мәдениеті қарқынды дамып келе жатқандықтан, сұрақтардың күрделілігі де артуда. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлер арасында білім мен білікті шыңдап, интеллектуалды ортаның қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін».
Ойынның құрылымы бес кезеңнен тұрды:
- Кіріспе туры;
- «Республика» сөзжұмбақ туры;
- Медиа тур;
- «Байланыс» тақырыптық туры;
- «Тәуекел» соңғы туры.
Іс-шараның сәнін Қазақстанның эстрада жұлдыздары Қанат Үмбетов, Дос және Маржан Арапбаева өздерінің ән шашуларымен келтірді. «Қазақша Куиз» интеллектуалды ойынының басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және Республика күнін мерекелеу болды. Ойын барысында қатысушылар қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын одан әрі арттырды.
Жеңімпаздар тізімі:
- 1 орын – КеАҚ «Қазақстандық қоғамдық даму институты», «EXPLORE» командасы;
- 2 орын – «Астана-АЭК» АҚ, «ШАМШЫРАҚ» командасы;
- 3 орын – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «БӘЙТЕРЕК» командасы.
Жүлделі орын иелеріне және барлық қатысушыларға Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы алғыс хаттар мен арнайы сыйлық сертификаттарын табыстады.
Іс-шараның фотосуреттері келесі сілтемеде қолжетімді:
https://drive.google.com/drive/folders/1375Xp7GR9WcPdTVcW7KqJt0WPVUlWm2n?usp=sharing