Білім беру және байланыс салаларында инвестиция сәйкесінше 79,3% және 81,7%-ға артты

Биылғы 9 айдағы экономиканың өсу көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндама жасады, деп хабарлайды Рrimeminister.kz

Вице-премьердің есебінше, биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 4,0%-ды құраған.

«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде үшінші ай қатарынан өсімнің жеделдеуі байқалуда. Нақты сектордағы өсу 5,0%-ды құрады, көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 3,8%-ға артты», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Отырыста айтылғандай биылғы экономиканың өсімі толығымен шикізаттық емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде.

Салалар арасында ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға артқан.

«Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 65%-ы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6%-ға өсті. Инвестицияның ең жоғары өсімі шикізаттық емес салаларда байқалады», — деді вице-премьер.

Бұл тұрғыда инвестиция көлемі байланыс саласында 81,7%-ға, білім беруде – 79,3%-ға, көлікте – 31,1%ға, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ға, денсаулық сақтауда – 4,8%-ға артты. Үздік көрсеткіштер Алматы, Жетісу, Павлодар, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеліп отыр. Бұл ретте Атырау, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады.

«Биылғы қаңтар-тамыз айларында сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құрады. Экспорт $53,5 млрд-қа, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $38,1 млрд-ты құрады», — деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар оң сауда балансы 34,8%-ға өсіп, $15,4 млрд-қа дейін ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 4,8%-ға артты.

Өсім еліміздің 14 өңірінде тіркелді. Ең үлкен өсу қарқыны Қызылорда, Ұлытау, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе облыстарында байқалады.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім негізінен металлургия өндірісінің 8,3%-ға және машина жасаудың – 4,2%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте автомобильдер өндірісі 13,3%-ға қысқарды, бұл жыл соңына дейін өндірісті ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетеді. Бұдан басқа, химия өнеркәсібі өндірісі 9,5%-ға, электр жабдықтарын жасау – 11,3%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 15%-ға, металл бұйымдары – 31,1%-ға және жиһаз өндірісі 17,9%-ға өсті», — деп мәлімдеді Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,2%-ға ұлғайған. Мұндағы өсім негізінен металл кендерін өндірудің 7,7%-ға және табиғи газды өндірудің 3,4%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілген.

«Бұл ретте мұнай өндіру 0,3%-ке, көмір өндіру 0,5%-ке қысқарды. Мұнай өндіруді есепке алмағандағы экономиканың өткен жылдың тиісті базасына қатысты өсуі 4,5% деңгейінде бағаланып отырғанын атап өткім келеді», — деді спикер.

Биылғы 9 айда құрылыс саласы жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстарының өсімі 10,1%-ға дейін жеделдеді.

Үкімет отырысында айтылғандай өсімнің жоғары көрсеткіші Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ инженерлік желілерді модернизациялау бойынша төрт ауқымды бастамасын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілген.

«Оң серпін 18 өңірде тіркелді, бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Қызылорда, Жетісу, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында байқалады. Құрылыс жұмыстарының төмендеуі Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелді», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Осылайша, биылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,2%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалады.

Аталған кезеңде ауыл шаруашылығы саласы да өсудің белсенді кезеңіне өтті. Дәнді дақылдарды жинаудағы үдемелі қарқынның арқасында сала өндірісінің көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өсуі 17,8%-ды құрады. Ең жоғары өсімді Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.

«Барлық 7 негізгі экономикалық көрсеткіш бойынша өсім 8 өңірде – Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларында көрінді. 4 көрсеткіш бойынша оң өсу Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Атырау облысында 1 көрсеткіш бойынша ғана оң өсім байқалуда», — деді спикер.

Оның айтуынша, биылғы экономиканың таргеттелген өсімін қамтамасыз ету үшін сауда, құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібі өсу резервтері болып саналады.

«Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі шараларға баса назар аударуы қажет. Ең алдымен, игеру сомаларын қатаң бақылауға алып, инвестициялық бюджеттердің игерілуін қамтамасыз ету керек. Жыл соңына дейін мұнай өндірудің жоспарланған көлемін қамтамасыз ету міндеті тұр. “Самрұқ-Қазына” холдингі отандық өндірушілердің тауарларын компания тобымен сатып алуын ұлғайтуды қамтамасыз етуі тиіс. Астық жинауды толық көлемде аяқтау, “Қазақстан Темір Жолы” акционерлік қоғамы және мүдделі мемлекеттік органдар астықты, оның ішінде экспортқа үздіксіз тасымалдау мен өткізуді қамтамасыз етуі қажет», — деп түйіндеді баяндамасын Нұрлан Байбазаров.