Үкімет Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялауға қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды РrimeМinister.kz сайты.
Құжат Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін 5 млрд теңгені Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударуды қарастырады.
Атап айтқанда, бұл қаражат жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды ескере отырып, жұмыстың жалпы құнының 10% мөлшерінде ұзындығы 11,5 шақырым ең тозығы жеткен автожол учаскесін реконструкциялауға бағытталады.
Бұған дейін мердігер ұйым қаражаты есебінен шамамен 11,5 шақырым жылу желісі тартылған болатын. Жалпы, 2024-2026 жылдары аралығында тозу деңгейі 75%-дан асатын 44 шақырым магистралды жылу құбырын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Айта кету керек, Ақтау қаласы жылу желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бері қолданыста.
Қабылданған шаралар нәтижесінде желілердің тозу деңгейі төмендетіліп, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызметтер көрсетуге және жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.