5 қыркүйек – Алаш руханиятының темірқазығы, қоғам қайраткері, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақстан халқы тілдерінің мерекесін дәл осы айтулы күнде тойлаудың астарында тау тұлғаға деген үлкен құрмет жатыр.
Жалпыға ортақ мереке аясында Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ел ордасында «Ахмет – ұлт ұстазы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Шара Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және елорда тұрғындары қатысып, тағзым етті.
Ал шараның негізгі бөлімі елордадағы «Жастар» театрында өтті. Танымдық кеште Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали мен Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір бойды шымырлатар рухты әндер шырқаса, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан ұлт ұстазына арнауын жырлап, «Алтын домбыра» тобы мен «Серпер» ансамблі қазақтың күйлерін күмбірлетті. Өз кезегінде жас буын Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын оқып, қаламгерді көпшілікке өзге қырынан таныстыруға талпынды.
Жиналған қауым назарына ұсынылған «Жастар театрының» орындауындағы театрландырылған қойылымнан үзінді де көптің көзайымына айналды.
Ерекше атап өтерлігі, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен ұлы тұлғаны ұлықтауға келген тұрғындарға Қазақстан халқы тілдері күніне орай мемлекеттік ту таратылды. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизмге негізделген кештің басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын насихаттау, қазақ тілінің мәртебесін арттыру және басқа ұлттар арасында мемлекеттік тілді насихаттау.