Олимпиаданың бесінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Үстел теннисі
Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко 1/8 финалда Мысыр спортшысы Омар Мұхаммади Ассардан жеңіліп қалды. Есеп: 2-4 (11-8, 11-6, 10-12, 10-12, 9-11, 3-11).
Стенд ату
Стенд атудың трап бағдарламасының іріктеу кезеңінде бақ сынаған Мария Дмитриенко 120 ұпаймен 10-орыннан көрініп, финалға шыға алмады.
Бокс
Махмұд Сабырхан (57 кг) алғашқы жекпе-жегінде Испания өкілі Хосе Кильес Бростонсқа жол берді. Үш раундтан кейінгі төрешілер есебі: 1-4.
Валентина Хальзова Париждегі алғашқы жекпе-жегінде Атейна Билонға (Панама) жол берді. Төрешілер есебі: 1-4. Енді ширек финалда Атейна Польша/Ирландия өкілімен күш сынасады.
Нысана көздеу
Винтовкамен 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеуде ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салған Ислам Сәтпаев 588 ұпай жинап, 18-сатыға тұрақтады. Ал Константин Малиновский 586 ұпаймен 25-орыннан көрінді.
Триатлон
Екатерина Шабалина триатлоннан сынға түсіп, мәреге дейін жете алмады. Ол Сена өзенін жүзіп өткенімен, велосипедпен 3 шақырымдай жүрген соң сайыстан шығып қалды.
Спорттық гимнастика
Спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы көпсайыстың финалында бақ сынаған Милад Карими жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Ол алты жаттығуда 76.065 ұпай жинап, 24-орыннан көрінді.