Қазақстанда алғаш рет ұрықтың несеп шығару жүйесінің туа біткен ақауларын түзету үшін жатырішілік араласу жүргізілді. Операция шетелдік мамандардың қатысуымен мастер-класс шеңберінде UMC клиникасының базасында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында өткізілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, жүктіліктің 19-шы аптасында әйелде ұрықтың даму ақауы анықталды. Пренаталдық консилиум ұрықтың қуығын жатырішілік дренаждау қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Бұл өкпе гипоплазиясының алдын алу және болашақ нәресте бүйрегінің қалыпты жұмысын сақтау үшін қажет.
«Операция сәтті өтті. Пациенттің жағдайы тұрақты, ұрықтың дамуын динамикалық байқау мен бақылау жоспарланған» – делінген хабарламада.
Феталдық хирургия – жаңа туған нәрестелердің өлімі мен мүгедектігінің алдын алу үшін жатырішілік операциялар мен инвазивті араласуларды қамтитын медицинадағы жаңа бағыт. Мұндай емшаралар әлемнің жетекші медициналық орталықтарында жүзеге асырылады.
Енді мұндай жедел араласулар Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жүзеге асырылады, онда бұл үшін барлық жағдай жасалған. Болашақта мұнда диафрагмалық жарықты, ТТС синдромын, сегізкөз-құймышақ тератомасын және тиімділігі әлемдік клиникалық практикамен дәлелденген басқа да даму ақауларын түзету бойынша операциялар жүргізу жоспарлануда.