Армения Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуға шақыратын қарарына қосылды. Армения әрқашан Палестина мәселесін «екі мемлекет» қағидасы негізінде бейбіт және жан-жақты реттеуді жақтап келді. Бұл туралы Армения Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
«Армения Республикасы Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға, еврей және палестиналық халықтар арасында ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға шын ниетпен мүдделі. Түрлі халықаралық платформаларда біз әрқашан Палестина мәселесін бейбіт және жан-жақты реттеуді жақтап келдік және Израиль-Палестина қақтығысын «екі мемлекет» қағидасы негізінде шешуді қолдауды жалғастырамыз. Біз бұл палестиналықтар мен израильдіктердің заңды тілектерін жүзеге асыруына кепілдік беретін жалғыз жол екеніне сенімдіміз. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Армения Республикасы халықаралық құқықты, халықтардың теңдігі, егемендігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын ұстанатынын растайды және Палестина мемлекетін таниды», – делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдай мен бүгінгі күні жалғасып жатқан әскери қақтығыстың халықаралық күн тәртібіндегі шешуді қажет ететін басты мәселелердің қатарында екені атап көрсетілді. Армения Республикасы қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарды, бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты, бейбіт тұрғындарды кепілге алуды және тұтқынға алуды үзілді-кесілді қабылдамайды. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың оларды алдын ала шарттарсыз босату туралы талаптарына қосылады.