«Біз Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз!» петициясын қарау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Ермұрат Бапи, Ринат Заитов, Абзал Құспан, Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса, арыз иесі Бағила Балтабаева, қоғам қайраткерлері Айнұр Жүгінісова, Мақсұтбек Айтмағанбет, Жанар Секербаева, Гүлзада Сержан, сарапшылар Халида Әжіғұлова, Виктория Примак, БАҚ өкілдері және е-өтініш порталы арқылы жұмыс тобына енуге өтініш білдірген азаматтар кірді.
Отырыста петиция бастамашылары мен жұмыс тобы мүшелерінің ұстанымдары тыңдалды, сондай-ақ жұмыс жоспары мен жария тыңдаулардың өту тәртібі анықталды.
Естеріңізге салай кетейік, бұған дейін елімізде ЛГБТ-ны ашық әрі жасырын насихаттауға қарсылық танытқан петиция қаралатынын жазған болатынбыз.