Мәдениет министрлігі совет мультфильмдерін қазақшалап экранға шығармақшы

Сенатат депутаты совет мультфильмдерін қазақшалап экранға шығару мәселесін көтерді.

«Өзектілігін жоғалтпаған совет мультфильмдерін қайтадан мемлекеттік экранға шығару мәселесіндегі сіздің ұстанымыңыз қандай?» – деп сұрады Сенатор Жанна Асанова «Масс-медиа туралы» заңды талқылау кезінде.

Вице-министр мұндай бастаманы ішінара қолдайтынын айтты.

«Балалар ертегілерін ретрансляциялау туралы сұраққа келсек, совет мультфильмдері өзекті болған кездің шет жағасын біз де көрдік. Менің жеке көзқарасым бойынша, ол мультфильмдер шынымен де еңбек құндылығына, жақынға құрмет, Отанға деген махаббат құндылықтарына сәйкес келеді. Біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Жалғыз атап өткім келетіні, біз ретрансляцияламаймыз, аудармасы болады. Яғни архивтен алып, мемлекеттік тілге аударып көрсетеміз және әлеуметтік желідегі жұмысты күшейтуге қолданамыз. Өйткені 3-18 жас аралығындағы өскелең ұрпақтың үлкен бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Сондықтан аударма, дубляж мәселесін бақылауда ұстаймыз», – деді Қанат Ысқақов.