Алматылық студент Рауаж Жарылқасынов кәдімгі картон қиындыларынан портрет жасайды. Жас суретші ерекше туындыларын әлеуметтік желіде жариялап, танымалдыққа ие болды.
22 жастағы Рауаж Жарылқасыновтың айтуынша, отбасында өнерге жақын ешкім жоқ. Сурет салуға деген қызығушылығы бала күнінде басталған. Әуелде теледидардан өзіне ұнаған мульфильм кейіпкерлерін қағазға түсіріп жүрген.
«Мен 7-8 жасымнан бастап сурет салуды үйрендім. Ол кезде телефон, интернет, тикток дегендер болмады. Теледидардан әртүрлі мультфильмдер мен киноларға қарап сол жерде ұнаған кейіпкерлерді кішкентай параққа қаламмен кескіндеп жүрдім. Кейін сурет салудың түрлі тәсілін өз бетімше үйрендім», – дейді ол.
Рауаждың сөзінше, сурет өнеріндегі басты қағидасы – еркін идея.
«Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Сурет өнеріндегі басты қағидам – еркін идея. Бейнелеу өнерінде портрет – күрделі жанр. Сондықтан өзімді осы салада сынап көргім келді. Осылайша, картоннан адамдардың портретін жасауға кірістім. Оны интернет арқылы үйрендім», – дейді ерекше туындылардың авторы.
Оның айтуынша, Дінмұхамед Қонаев, Димаш Құдайберген, Виктор Цойдың қатты қағаз қиындыларынан жасалған портреті әлеуметтік желілердегі парақшасында көп қаралым жинаған.
«Көбіне туындының жасалу барысымен әлеуметтік желіде бөлісемін. Бір ай бұрын tiktok парақшамда белгілі футболшының портретін қалай жасағанымды көрсеттім. Сол видео көп адамға ұнады. Маған алғыстарын жеткізіп, шығармашылық табыс тіледі. Бұл мені шабыттандырды», – дейді ол.
Суретші қазір Алматыда жоғары оқу орындарының бірінде кескіндеме факультетінде оқып жатқанын айтты.
«Денсаулығыма байланысты мектепті 20 жасымда тәмамдадым. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің екінші курс студентімін. Кескіндеме факультетінде білім алып жатырмын. Қолым бос кезде ескі картон қорапты өнер туындысына айналдырамын. Оған картон, бұрандалар, желім ғана қажет», – деп атап өтті Рауаж Жарылқасынов.