Бәйтерек еуропалық экспорттық-кредиттік агенттіктермен ынтымақтастықты дамытады

Бельгияның Еуропалық одақ кеңесіне төрағалық етуі шеңберінде және Корольдіктің Сыртқы істер министрлігі мен «Кредендо» экспорттық-кредиттік агенттігінің белсенді қатысуымен, Қазақстан Елшілігі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдерімен бірлесіп, ЕО кеңесінің экспорттық кредиттер жөніндегі жұмыс тобының бейресми отырысына қатысты.

Қазақстан миссиясы басшысының орынбасары Тимур Сұлтанғожин еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін дамытуға деген ұмтылысын атап өтіп, Қазақстанның сауда-экономикалық әлеуеті туралы айтты. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ төрағасының орынбасары Аян Бектыбаева Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағыт алғанын атап өтті.

Сондай-ақ, іс-шарада негізгі халықаралық экспорттық-кредиттік агенттіктердің қолдауымен Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру тетіктері көрсетілді. «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – Қазақстанның даму банкі елдегі аса маңызды өндірістік объектілерді салу және жаңғырту үшін айтарлықтай кредит қаражатын тартты.

Ірі жобалардың қатарында – Шығыс Қазақстан облысында EKF (қазіргі – EIFO) өтемімен J.P. Morgan берген 120 миллион АҚШ доллары сомасына тау-кен байыту комбинатының құрылысын қаржыландыру. Бұл келісім сақтандыру өтемі есебінен қаржыландыру құнын төмендетіп қана қоймай, ҚДБ-ның халықаралық қаржы базасын кеңейтіп, ірі даниялық экспорттаушыны қолдады, осылайша Қазақстандағы алғашқы EIFО келісім болды.

«Бәйтерек» холдингі біздің ірі инфрақұрылымдық жобаларымызды жаһандық қаржылық және экономикалық процестерге интеграциялау арқылы Қазақстанның экономикалық өсуін ілгерілетуге ұмтылады. Бұл біздің қарым-қатынас аясын кеңейту және халықаралық әріптестікті нығайту үшін маңызды қадам», – деп атап өтті «Бәйтерек» холдингінің Стратегия және корпоративтік даму департаментінің директоры Мадина Ержанова.