Су тасқынының зардаптарын жоюға ірі кәсіпорындар демеушілік көмек көрсетуде — Қ. Бозымбаев

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынының қазіргі жағдайы және зардап шеккен тұрғындарға көрсетілетін қолдау туралы баяндады, деп хабарлайды Рrimeminister.kz

Еліміздің сегіз өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталуда. Ақтөбе облысындағы екі елді мекен әлі де көлік қатынасынсыз отыр. Тұрғындар азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

3 өңірде күйдіргі көмілген 10 орынды су басқан. Тиісті қызметтер жергілікті жерде жедел дезинфекциялау шараларын жүргізіп жатыр.

«Қазіргі уақытта еліміздегі су тасқыны жағдайы жалпы тұрақтанып келеді. Осы аптада Атырау облысында су тасқынының шарықтау шегі болады деп болжанған. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет су бекеттерінде қауіпті белгілерден асып түсті. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 7 мыңнан астам адам және 1900 бірлік техника, оның ішінде 6 әуе кемесі жұмылдырылды. Оған ТЖМ, полиция, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары тартылып, жеке ұйымдар мен еріктілер қатысуда», — деді Қанат Бозымбаев.

Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 44 мыңы – балалар. Бүгінгі таңда 55,6 мың адам өз үйлеріне оралды. Эвакуация бекеттерінде шамамен 5 мың адам қалды, 58 мыңнан астам тұрғын туыстарының үйіне орналасқан.

Су тасқынының салдарынан елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалған, оның ішінде үш өңірде – Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 264 үй әлі де су астында қалып отыр.

Сондай-ақ 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды, онда 18 025 саяжай үйі орналасқан.

Отырыс барысында вице-премьер су тасқынының салдарын жоюға қатысып жатқан ірі компаниялар мен бизнесмендер жайында айтып өтті. Атап айтсақ, Ақмола облысында Integra Construction және RG Gold демеушілік көмек көрсетеді. Ақтөбе облысында – «Болат Өтемұратов қоры», «BI Group» АҚ және ERG компаниялар тобы.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Astana Motors компаниялар тобы, BI Group АҚ, Jusan банк, «Банк Центр кредит» АҚ, «ҚазАзот» ЖШС және басқалары демеу көрсететін болады.

Қостанай облысы бойынша – ADD Capital, ERG, «Аллюр» және «АгромашХолдинг», «Базис-А», сондай-ақ RG Brands компаниялары.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – «Қазақмыс» корпорациясы, Kaspi.kz АҚ, KAZ Minerals тобы өңір үшін демеушілік көмек көрсетуде.

Атырау облысындағы су тасқынының салдарын Т. Құлыбаев пен Қ. Рақышев компаниялары есебінен жою жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге.

680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362 млн теңге сомасында өтемақы алды.

568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды.

«Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасуда. Жағдай тұрақты бақылауға алынған», — деп түйіндеді вице-премьер.