Абай облысында 14 адамның өліміне себеп болған алапат өртке қатысты сот үкімі шықты

Бородулиха аудандық сотында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соқтырған «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Семей орманы» резерватында және Жаңашүлбі филиалында басшылық қызметтерді атқарған В. және К. есімді айыпталушылар өрт шыққан кезде жалынды сөндіруді ұйымдастыру бойынша өз міндеттерін орындамай, жағдайды қате бағалаған. Сондай-ақ өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз етпеуі 14 адамның өліміне әкеліп соқтырды», – деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметінен.

В. мен К.-ның кінәсі куәлардың айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен толықтай дәлелденді.

«Сот екі сотталушының жас балаларының барын, әрі ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, айыпталушыларды 7 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», – делінген ақпаратта.