Қазақстанда жаңадан салынатын 20 су қоймасы 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алады

Елімізде жаңадан бой көтеретін 20 су қоймасы 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинай алады. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1 су қоймасы – Кеңсай-Қосқорған-2 пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталды.

Сонымен қатар, 8 су қоймасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірленіп жатыр. Бұл Ақмола облысындағы Есіл контрреттегіші, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасы, БҚО Жалпақтал кентіндегі Үлкен Өзен өзеніндегі және Сексенбай ауылындағы Кіші Өзен өзеніндегі су қоймалары, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймалары, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасы.

Естеріңізге сала кетейік, су қоймаларын салу мәселесі 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында қарастырылған

Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстігіндегі құрғақшылыққа қарсы күресте, шаруаларды судың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге және еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ға төмендетуге септігін тигізеді. Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын пайдалануға беру суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елдімекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, тұжырымдамада жалпы көлемі 1,9 млрд текше метр болатын 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмыс бастау жоспарланған.