Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Монреальдағы (Канада) штаб-пәтерінде AVSECP/35 – авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының 35 отырысы өтуде. Сарапшылар тобының мүшелері 33 мемлекеттің өкілдері болып табылады. Қазақстан тарапынан КМ Азаматтық авиация комитетінің қолдауымен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ (бұдан әрі – АҚ) бас директорының орынбасары Дархан Еспотанов және АҚ авиациялық қауіпсіздік департаментінің аға директоры Данияр Қанлыбаев қатысуда. Қазақстаннан келген Делегация сарапшылар тобының осы отырысына байқаушы ретінде қатысуда.
Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының негізгі міндеттері стандарттар мен ұсынылатын практиканы әзірлеу, азаматтық авиациядағы жаңа және туындайтын қатерлерді анықтау және зерделеу және олар бойынша қарсы шаралар жасау, ИКАО хатшылығына авиациялық қауіпсіздік жөніндегі рәсімдерді, нұсқаулық материалдар мен техникалық талаптарды әзірлеуге және қайта қарауға көмектесу болып табылады.
Сарапшылар тобының отырысында авиациялық қауіпсіздікте туындайтын қауіптер, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық жоспарының екінші басылымын тиімді іске асыру, 17-Қосымшаның стандарттар мен ұсынылатын практикасын сапалы енгізу, қауіпсіздікке байланысты персоналдың даярлық деңгейін арттыру, өңірлік ынтымақтастық және әлеуетті арттыру мәселелері қаралды, сондай-ақ ИКАО Хатшылығы авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО-ның тексерулерінің әмбебап бағдарламасының нәтижелеріне талдау ұсынды.
Қазақстаннан келген делегация «Қазақстан Республикасында авиациялық қауіпсіздіктің сенімді және тиімді мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында жұмыс құжатымен сөз сөйледі. Сарапшылар тобы мен хатшылыққа Орталық Азия мен Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі үйлестіру тобының барлық қатысушылары тарапынан жұмыс құжатында баяндалған Қазақстанның бастамасын қолдау туралы ақпарат берілді.
Сарапшылар тобы отырысының нәтижелері бойынша қорытындылары мен ұсыныстары бар қорытынды есеп жасалды, ол әрі қарай жұмыс істеу үшін ИКАО авиациялық қауіпсіздік комитетіне ұсынылды.
Жоғарыда айтылғандармен қатар, жақын болашақта Қазақстанда авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО-мен жоспарланып отырған аудит мәселелерін талқылау бойынша халықаралық аудиторлар тобымен жұмыс кездесулері өткізілді. Аудиттің соңғы кезеңі Париждегі ИКАО Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросының тәуекелдерді бағалау және ақпаратты талдау жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізгеннен кейін айқындалатын болады.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясының делегациясымен ИКАО-дағы Ресей Федерациясының өкілдігінің кеңсесінде жоспарланған кездесу өткізілді, онда аймақтағы авиациялық қауіпсіздік және Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы шеңберіндегі сараптамалық жұмыс топтарының өзара іс-қимылы бойынша өзекті мәселелер талқыланды. ЕЭК-те сарапшылардың жұмысы авиациялық қауіпсіздік саласындағы қауіптер мен сын-қатерлердің жаңа түрлеріне уақтылы шешімдер қабылдауға және бірлесіп ден қоюға мүмкіндік береді деген алдын ала тұжырымдар жасалды.