Яндекс Іздеу қазақ тіліне нейрожелілік аудармасы бар ағылшын және орыс тілді мақалаларды көрсете бастады. Ұлттық тілдегі пайдалы материалдардың саны жүз мыңнан 15 миллионға дейін өсті.
Интернетте көптеген шетелдік контент бар. Мысалы, «Википедияда» ағылшын тілінде жеті миллионнан астам мақала, ал қазақ тілінде – небәрі 240 мың мақала бар. Енді Іздеу сұраулар бойынша қазақ тіліндегі шетелдік мақалаларды ұсынады және оларды бірден аударады. Түпнұсқа тілдегі материалдарға сілтеме мақалалармен бірге қолжетімді болады.
Орыс және ағылшын тіліндегі ресурстардан алынған мақалалар контекстті ескере алатын нейрожелі арқылы аударылады. Осылайша қолданушылар Іздеуде одан да пайдалы жауаптарды ала алады.
«Яндекс Қазақстан өз өнімдерін ұлттық тілге аудара отырып, оны одан да пайдалы және қолжетімді етуге ұмтылуда. Мысалы, өткен жылы біз қазақ тілінде жылдам жауап беру функциясын іске қостық, осы ретте іздеу жолағының астындағы қысқаша деректерді айта аламыз. Олар қолданушыларға уақытты үнемдеуге және басқа сайттарға өтпей-ақ қажетті ақпаратты ана тілінде жылдам табуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазақстандықтар Браузерде және Алисамен бірге Яндекс қолданбасында бейнероликтер бастапқыда орыс немесе ағылшын тілдерінде жазылған болса да, бейнені ұлттық тілде көре алады. Youtube, VK, Vimeo, Twitch және Coursera-да орналастырылған роликтерді аударуға да мүмкіндік бар. Осылайша қолданушылар әлемдік университеттердің дәрістеріне қол жеткізе алады», — дейді Александр Поповский, Қазақстанда Іздеуді дамыту жөніндегі директоры.