Жезқазған қалалық соты Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшыларына қатысты парақорлық фактісі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жемқорлықтың алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сот процесі ашық форматта өткізілді.
Процеске облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ облыстың, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының мемлекеттік қызметшілері онлайн режимде қосылды.
Осылайша, аталған лауазымды тұлғалар облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйым өкілімен сөз байласып, 2 млн теңге көлемінде пара алған.
Сот үкімімен осы мемлекеттік мекемелердің басшыларына әрқайсысына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы» ЖШС мердігер компаниясының өкіліне 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Барлық сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.