1 наурыздан бастап Қазақстанның сегіз өңірінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі

Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылатын болады, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді. Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады.

Шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылмайды.

Осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізілетін болады.