Биылдан бастап еліміздің оңтүстігіндегі бірқатар шаруалар үшін суармалы су беру қызметінің құны арзандады. Себебі, 2024 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық аясында «Қазсушар» мекемесі тұтынушылармен тікелей келісім-шартқа отырып жатыр.
Бұл ортадағы делдалдарды алып тастауға мүмкіндік береді. Тиісінше бірқатар тұтынушылар үшін қызметтердің құнын арзандатады, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Әділет Жылқыбеков – «BIRLIK KORDAY 2021» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы. Жыл сайын «Қазсушар» мекемесімен келісім-шартқа отырады. Шаруа заң бойынша келісім жасаудың тиімділігі көп екенін айтады.
«Бұл ең алдымен шаруаның құқығын қорғайтын құжат. Мәселен, былтыр төтенше жағдай кезінде келісім-шарты бар шаруалар еш қиындықсыз өтемақы алды. Бұдан бөлек, Қазсушар-дың суы өте арзан. Қызмет ақысын қолма-қол ақшасыз төлейміз. Бұл қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сол себепті шаруаларға «Қазсушар» мекемесімен алдын ала келісім-шартқа отыруға кеңес беремін»,- деді ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Әділет Жылқыбеков.
Бүгінгі күні «Қазсушар» оңтүстік аймақтағы 1740 шаруа қожалығымен су беру бойынша келісім-шарт жасады. Қалған өңірлерде шартқа отыру жұмыстары наурыз айында басталады.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі биылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тікелей келісім-шартқа отыра бастады. Осы арқылы министрлік шаруаларға су беру қызметінің құнын арзандатуға ниетті. «Қазсушар» мекемесі 2024 жылдың вегетация маусымына 19 мыңнан астам тұтынушымен келісім-шартқа отыруды жоспарлап отыр. Барлық өңірлер бойынша сәуір айынан суармалы су беріле бастайды»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.