Қазақстан мен Түркия көлік арқылы жақындасады

ҚР Көлік министрі Парламент Мәжілісінде шет мемлекеттермен жүктерді халықаралық құрама тасымалдау және авиациялық іздеу және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді бекіту мәселелері бойынша баяндамалар жасады.

Марат Қарабаев ілеспе рәсімдерді оңайлату арқылы тасымалдау көлемін ұлғайтуға бағытталған Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы жүктерді халықаралық құрама тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын депутаттарға ұсынды.

«Біз Қытайдан Еуропаға теміржол, автомобиль және су көлігі тартылған Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропаға транзитпен жүктерді өткізу және тауарларды жеткізу мерзімі 19-23 күнді құрайды, оның ішінде 6 күн – Қазақстан аумағы бойынша. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жылдам. Келісім халықаралық маршруттың дамуына айтарлықтай әсер етеді», ­- деді Көлік министрлігінің басшысы.

М.Қарабаев келісімді орындаудың барлық мәселелерін реттеу мақсатында тасымалдарды дамыту жөніндегі бірлескен комитет құрылатынын атап өтті.

Сондай-ақ министр Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі құжаттың жобасын ұсынды.

Келісімнің негізгі міндеттері екі мемлекеттің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, апатқа ұшыраған әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаждарды іздеу бойынша өзара шаралар қабылдау, Ақпарат және тәжірибе алмасу, сондай-ақ іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу болып табылады.

«Келісім бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін, іздестіру және құтқару аудандарының шекарасын айқындайды, сондай-ақ іздестіру операциялары кезінде өзара көмек көрсету құқығын көздейді», ­– деді ведомство басшысы.

Оның ақпараты бойынша, бүгінгі таңда 27 әуеайлақта және авиациялық оқиғаларға арналған қону алаңдарында Қазаэронавигация базасында Қазақстанның барлық жауапкершілік аймағында тікұшақ кезекшілігі ұйымдастырылған. Онда халықаралық стандарттар бойынша дайындалған мамандар тәулік бойы қызмет атқарады. Бұдан басқа, Қорғаныс министрлігінің парашют-десанттық топтарымен және ҚР ТЖМ іздестіру-құтқару топтарымен бірлесіп жұмыс істейтін іздестіру-құтқару үйлестіру орталығы құрылды. Баяндамадан кейін Көлік министрі Марат Қарабаев Парламент Мәжілісі депутаттарының сұрақтарымен қатар, БАҚ өкілдері қойған сауалдарға да жауап берді.