ҚР Үкіметінің отырысында ағымдағы су тасқыны жағдайы, сондай-ақ көктемгі маусымға және болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық шаралары талқыланды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгінде республикада су тасқыны жағдайы тұрақты екенін айтты. Бұл ретте ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізді.
Атап айтқанда, «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Халықты құлақтандыру пысықталды, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды.
Бұдан бөлек, елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) нақты түрде жүзеге асырылды. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Көктем маусымына нақтыланған гидроболжау бойынша экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, су қоймаларын тасқын суды қабылдау және жинақтауға дайындау туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, авто және темір жолдардың жағдайы бойынша көлік министрі Марат Қарабаев баяндады.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдері алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары туралы мәлімет берді.
Премьер-Министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырмалар берілгенін атап өтті. Алайда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдаған жоқ.
«Нәтижесінде 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Ол қалың қар мен жаңбыр да қауіпті арттыра түсетінін атап өтті. Бұл ретте жекелеген өңірлерде қар шығаруға арналған қаражат тек ірі қалалар мен облыс орталықтарына бөлінеді. Ал ауылдық елді мекендерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалып отыр.
Оның айтуынша, елді мекендердің көшелерін су басып қалу және бірқатар өңірлерде жолдарды шайып кету фактілері қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Жалпы 217 елді мекенде тасқын қаупі сақталуда.
«Мұндай проблема елді мекендердің көпшілігінде жылдан-жылға қайталанып келеді. Мысалы, Қостанай облысындағы Қарамырза ауылы соңғы 4 жыл бойы қар суының құрсауынан шыға алмай отыр. Биыл да елді мекенге қауіп төнуде. Жолдардың су басып қалуына байланысты Ақмола облысында Ягодное, Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты ол арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», — деген Олжас Бектенов, оқу-жаттығу өткізу форматын қайта қарауды тапсырды.
Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландыруы, бизнеспен олардың техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуді, аса қауіпті учаскелердің маңында қажетті материалдар қорын қамтамасыз етуді міндеттеді.
«Көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерді алдын ала айқындап, ондағы азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорын дайындау қажет», — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Олжас Бектенов халықты су тасқыны қаупі, су басу және эвакуациялау кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы кеңінен хабардар ету жұмыстарын бастауды және халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек көрсету туралы өтініштерін бірден қарауды, сондай-ақ жолдар мен көпірлердің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды.