Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді. Бұл бірқатар ауқымды жаңашылдықтарды қамтитын және Қазақстанның су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретін іргелі құжат, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жаңа Кодекстің мақсаты экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және оны ұстану болып табылады. Қолданыстағы құжаттан айырмашылығы, осыған дейін су – экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы ретінде ғана қарастырылған.
- Жаңа Су кодексінде суды үнемдеу аса маңызды рөл атқарады. Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті. Ал суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдар жаңа кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей мұндай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуы тиіс. Бұл ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларына қатысты.
- Сондай-ақ, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейіне байланысты су беру қызметтері үшін төмендетілген тариф және субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көзделген.
- Су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі. Мысалы, министрліктің бассейндік инспекцияларына мемлекеттік бақылау функцияларымен қатар қадағалау функциялары да беріледі. Бұл су объектілерін қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мұқият бақылауға, оларды өз бетінше пайдалануға қарсы күресуге, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуге және тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
- Ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болды. Ол эпидемиологиялық, радиациялық және химиялық қатынастарда қауіпсіз болуы керек. Су құрамына қойылатын талаптар, талдау жүргізу түрлері мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.
- Елдімекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейді. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін техникалық аудит тәртібін анықтайтын тармақ қосылды. Тағы бір жаңа тармақ – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарын әзірлеу ережелерін сипаттайды.
- Еліміздің су ресурстарын сарқылусыз, ластанусыз және су объектілерінің бітелуінсіз пайдалануға ерекше назар аударылады. Мысалы, Каспий теңізінде көмірсутектерді барлаудан немесе өндіруден, сондай-ақ, тұз және емдік балшық өндіруден басқа жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
- Су объектілерін қорғауға қойылатын талаптар күшейтілді. Халықтың және экономика салаларының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін су алудың рұқсат етілген көлемі туралы нормалар толығымен қайта өңделді. Лимиттер өзен, көл және теңіз экожүйесін сақтау үшін қажетті өзен ағындарын ескере отырып есептеледі. Сондай-ақ, су объектілерін қорғау бөліміне сулы-батпақты жерлер мен мұздықтарды қорғау туралы жеке ережелер енгізілді.
- Су объектілерінде немесе су қорғау аймақтарында жаңа құрылыстарды жобалау, салу және орналастыру, сондай-ақ учаскелерді су қорғау аймақтары мен белдеулеріне енгізілгенге дейін тұрғызылған құрылыстарды реконструкциялау жұмыстары Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік су инспекцияларымен келісілетін болады.
- Еліміздің су саласын климаттың өзгеруіне бейімдеуге жеке тармақ арналып отыр.
Ұсынылатын іс-шаралар қатарында бейімделу стратегиясын әзірлеу, жеке сектор мен азаматтық қоғамды қоса алғанда, барлық мүдделі тараптарды тарту, жаңа технологияларды қолдану, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, өсімдіктерді суарудың үнемді әдістерін енгізу және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды отырғызу, жаңа инфрақұрылым құру, оны жаңғырту және т.б. бар.
- Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, жаңа Су кодексінде коммерциялық емес ұйымдарға қоғамдық бақылауды жүргізу үшін министрліктен аккредитация алу ережесі жазылған. Ол үшін өтініш пен жарғының көшірмесін ұсыну жеткілікті, өтінім берілген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады.
- Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесіне жеке бөлім арналды. Кәсіпорындардың оларды пайдалану және олардың негізінде қауіпсіздік декларациясы ресімделетін көп факторлы тексеру жүргізу жауапкершілігі айқындалды. Гидротехникалық құрылыстардың техникалық қауіпсіздік регламентін әзірлеу көзделген, онда олардың түрлері мен конструкция ерекшеліктері, қауіпсіздік, жобалау, құрылыс, пайдалану, реконструкциялау және консервациялау жөніндегі талаптар жазылған.
- Сондай-ақ, ҚР Үкіметі жанындағы Су кеңесінің міндеттері көрсетілген. Мысалы, суды қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат, трансшекаралық су объектілері мен құрылыстарын бірлесіп пайдалану бойынша көрші елдермен өзара іс-қимыл, ірі инвестициялық жобалар бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу. Министрлік өз жұмысында Су кеңесінің ұсынымдарын ескереді.
- Жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады, онда өткен күнтізбелік жылдағы елдегі судың жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады. Мысалы, өзендердегі су көлемі, гидротехникалық құрылыстардың саны мен жай-күйі, су ресурстарын қорғау бойынша іске асырылған іс-шаралар туралы деректер, инвестициялық жобаларды іске асыру туралы мәліметтер және т. б.
- Жаңа Су кодексінің жекелеген ережелері еліміздің су саласына инвестиция тартуды ынталандыруды және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдауды көздейді.
«Осы және басқа да ережелер біздің министрлікке өз міндеттерін жүзеге асыруға көмектесуі керек. Бұл суды үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалыптастыру және дамыту, су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелерін шешуге жұртшылықты тарту, ирригация жүйесін дамыту және басқа да маңызды мақсаттар. Жаңа Су кодексі еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану мен оны болашақ ұрпақ үшін сақтау арасындағы тепе-теңдікке деген ұмтылысын көрсетеді. Алдағы уақытта біз Мәжіліс, одан кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен ұсынылып отырған іс-шараларды талқылайтын боламыз. Біз ашық және бірлескен талқылауға дайынбыз және депутаттардың ескертулерін, ұсыныстары мен идеяларын ескере отырып, міндетті түрде жұмыс жүргіземіз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.