Біз уақытты 1 сағат жылжытамыз деп жатырмыз. Осы уақыт белдеуі деген ұғымның өзі қайдан шықты? Гринвич сағаты дегеніміз не?
Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1924 жылы дәл осы күні Әуе күштері радиосы Гринвич обсерваториясынан дәл уақыт сигналдарын жібере бастаған екен. Ал арада 5 жыл өткенде бүкіл әлем сағатын гринвич уақытына дәлдеп түзеткен, деп хабарлайды 24.kz.
Ең қызығы аумағы алақандай Франция 12 уақыт белдеуіне ие. Алайда француздар ортақ стандартты сағат енгізген. Мұндай қадамға барған тағы бірнеше ел бар. Бірақ мамандар табиғи жағдайдан ауытқудың көмегі болғанымен, зияны көп екенін де ескертеді.
Біз мекен ететін Жер шары 24 сағат белдеуіне бөлінген. Әлемдік уақыт Анлиядағы Гринвич обсерваториясына бағынады. Бұл жүйе 1883 жылы АҚШ-та қолданысқа енді. Оған сай әр елдің уақыты географиялық жағдайына қарай меридиан сызығы бойынша белгіленген. Сағат өлшемі адамдардың өмірін жеңілдету үшін ойлап табылған, – дейді ғалымдар.
Жалпы Жер шарында ең көп уақыт белдеуі Францияда. Өйткені бұл елде Гринвич меридиан сызығынан алғанда 12 уақыт белдеуі бар. Бірақ француздар табиғи уақытпен жүруге құлықты емес. Себебі уақыт айырмашылығы Еуропа елдерімен экономикалық байланысқа кедергі, – дейді. Осы себепті сағат тілін Еуроодақ серіктестерімен сәйкес етіп, Гринвичтен бір сағат бұрынғы уақытты қолданысқа енгізген. Айта кетейік, Еуропа елдерінің шамамен барлығы бір уақыт белдеуін қолданады.
Ал жер аумағы бойынша әлемде бірінші тұрған Ресейде 11 уақыт белдеуі қолданыста. Ел астанасы Мәскеу қаласы UTM+2 екінші белдеуінде орналасқан. Уақыттан шатаспас үшін әуе, теңіз, теміржол қатынасы Мәскеу уақыты арқылы жүргізіледі.
Әртүрлі уақыт белдеулерінде орналасқан тағы бір ел – Қытай. Меридиан сызығында 5 уақыт белдеуі бар. 1949 жылға дейін мұнда 5 түрлі уақыт қолданыста болған. ҚХР құрылғаннан кейін коммунистік партия бүкіл елде біртұтас уақыт орнатты. Қазір қытайлар бірыңғай стандартты «Бейжің» уақытымен жүреді. Ол Гринвич меридиан сызығынан 8 сағатқа алда.
Гринвич уақыт белдеуіне бағынбайтын елдер – Үндістан, Непал, Иран, Ауғанстан. Олар өз ыңғайына қарап әкімшілік уақыт белдеуін қолданысқа енгізген. Бірақ ғалымдар: «белдеу сағатынан озық жүру не қалыс қалу «джетлаг» синдромына шалдықтыруы мүмкін», – дейді. Бір сөзбен айтқанда, адамның ұйқысы қанбайды. Сосын ісі де өнбейді. Мұның сыртында обыр, диабет, қан тамырлары жүйесі ауруларын туғызады. Әсіресе қатерлі ісікке шалдығу қаупі 15%-ке артады екен. Мұны америкалық ғалымдар дәлелдеген.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.