«Талдау жүргіземіз»: Сауда министрі Қазақстандағы өнімдердің бағасын басқа елдермен салыстырды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстандағы және басқа елдердегі өнімдердің бағасын салыстырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Адамдар әрқашан жағдай мен шығындарды салыстыратыны анық. Бірақ біз, мысалы, ФАО халықаралық ұйымы ұсынған бағалардың динамикасына назар аударамыз. Соңғы баға индекстеріне сәйкес бізде белгілі бір корреляция бар. Сүт өнімдеріне, қантқа, өсімдік майына келетін болсақ, ФАО-ның соңғы индекстері бойынша бүкіл әлемде бағаның өсуі байқалады. Ал әр түрлі елдердегі тауарлардың жекелеген позицияларының құнына келетін болсақ, мен сіздермен дауласар едім, «басқа елдерде» деген жалпы өте кең ұғым. Нақты қай елде?» – деп жауап берді министр Үкіметтің брифингінде.

Министрдің мәліметінше, жақын көрші елдер бойынша азық-түлік инфляциясы: Әзірбайжанда – 10,4 пайыз, Өзбекстанда – 15,1 пайыз, Ресейде – 8,2 пайыз.

«Егер одан әрі қарасақ, мысалы, Бельгия мен Францияда азық-түлік инфляциясы –  7,2 пайызды құрайды. Туристік елдерде: Түркия – 72 пайыз, Мысыр – 60 пайыз. Сондықтан мұнда бәрі салыстырмалы түрде. Бір жерде азық-түлік инфляциясы, баға индексі айтарлықтай жоғары, бір жерде біздікіндей. Мұнда, әрине, біз талдау жүргіземіз, корреляцияны, әлемдік трендтерді, бұл нарықтардың, оның ішінде біздің ішкі нарықтың қамтамасыз етілу жағдайына, қанықтылығына тигізер әсерін қарастырамыз», – деді Шаққалиев.

Сондай-ақ министрге Қазақстан мен басқа мемлекеттердегі тамақтану мекемелеріндегі есеп туралы сауал қойылды.

«Гастрономиялық қызметтердің құнына қатысты – мұнда да белгілі бір баға қатарлары бар. Мұның бәрі сегментке байланысты: фаст-фуд немесе премиум-мейрамхана, онда да бәрі біркелкі емес. Сондықтан мен бүгін біз аймақтық мағынада және әлемдік деңгейдегі табельдерде «антилидер» емеспіз деп айтар едім. Қызметтердің, гастрономияның құны бойынша бәрі сіздің талғамыңызға және қаржылық мүмкіндіктеріңізге байланысты», – деп қорытындылады Шаққалиев.