Қазақстанда өнеркәсіп саласында 12,3 мың жұмыс орнын құру жоспарланған

Ағымдағы жылы елімізде жалпы құны 1 трлн теңге болатын 170 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 12,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 1 қазандағы жағдай бойынша 3,7 мың тұрақты жұмыс орны құрыла отырып, 233,4 млрд теңгеге 64 жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жүзеге асырылатын жобалардың басым бөлігі құрылыс саласына тиесілі (143,1 млрд теңгеге 44 жоба). Сонымен қатар тамақ өнеркәсібі (241,1 млрд теңгеге 41 жоба) және машина жасау(144,8 млрд теңгеге 31 жоба) салалары да қамтылады.

Ведомство басшысы іске қосылған бірқатар негізгі өндірістерге тоқталып өтті.  Мысалы, тамыз айында Ақтөбе облысында «Қазхром» кәсіпорнының қожын қайта өңдеу бойынша байыту фабрикасы пайдалануға берілді, өңдеу қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін, 271 жаңа жұмыс орны құрылды.

Аталмыш облыста мамыр айында Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты қосылды. Мұнда жылына 25 бірлік бұрғылау машиналары өндіріледі, 150 жаңа жұмыс орны құрылды.

Жетісу облысында Алмаз Керамикс (Diamond Ceramics) компаниясы керамикалық тақтайшалар өндірісін 3,5 млн шаршы метрге дейін кеңейтуде. Аталған өнім бойынша ел импортының 10 % жабады, 226 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар, Қ. Шарлапаев жаңа кәсіпорындарды іске қосу жоспарларымен де бөлісті. Мысалы, желтоқсан айында Қарағанды облысында өнімділігі жылына 1,1 млн өнімге дейін (530 жұмыс орны) тұрмыстық техника өндірісін («Silk Road Electronics» ЖШС) іске қосу жоспарлануда. Зауытта теледидарлар, электр су жылытқыштар, шаңсорғыштар, ас үй плиталары, шағын пештер, жартылай автоматты кір жуғыш машиналар жасалады.

Сондай-ақ, желтоқсан айында 261 жаңа жұмыс орнын құра отырып, арнайы кокс шығаратын заманауи зауыт іске қосылады. Өнім кейіннен экспортқа шыға отырып, ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Ал Қостанай облысында «СарыарқаАвтоПром» компаниясы Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен (CKD) өндіруді жоспарлап отыр. Мұнда жылына 30 000 бірлік шығару жоспарлануда. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және 400 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, «Bolashak Electric» компаниясы Астанада жабық жоғары вольтты вакуумдық автоматты ажыратқыштар өндірісін іске қосуды көздеп отыр. «Saryopan Operating» ЖШС Қарағанды облысындағы «Сарыопан» кен орнында бірінші сұрыпты жоғары сапалы әк өндіруді бастауды жоспарлап отыр. Бұл жыл сайын 300 мың тонна әк шығаруға және 105 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін СҚО-да «Reimann» неміс серіктесімен бірлесіп тіркеме ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі ашылады. Өндірістік қуаты-жылына 150 бірлік. Өндірісте 75 жаңа жұмыс орны құрылады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі